Өмірбаян

Бар саналы ғұмырын білім мен ғылым жолына бағыштап келе жатқан ғалымдардың бірі Қозыбақов Бейбіт Ақынбайұлы Алматы облысы қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданы Жамбыл ауылында 1954 жылы 27 ақпанда дүниеге келген.

Б.А.Қозыбақов Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында шығарылған қазақтың биязылау кроссбред жүнді қой тұқымы авторларының бірі (1994), ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (2010), Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (2012), ауыл шаруашылығы малын өсіру, олардың селекциясы, генетикасы және көбеюі саласының жетекші маманы.

Бейбіт Ақынбайұлы орта мектепті бітірген соң (1970), бір жылдай Текес ауылында малдәрігерлік санитар болып жұмыс істеп, шаруашылық жолдамасымен Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының күндізгі бөліміне оқуға түсіп (1971), аталмыш институтты «зоотехния» (зооинженер-технолог) мамандығы бойынша бітіріп шыққан (1977).

Жас маман ретінде Ұлттық ғылым академиясының Эксперименттік биология институтына аға лаборанттық жұмысқа қабылданып, жемісті еңбегінің арқасында жетекші ғылыми қызметкерлікке дейін көтерілді (1977-2006).

Академиктер, Ф.М.Мұхамедғалиевтың, кейіннен М.М.Тойшыбековтың жетекшілігімен Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірінде мол өнім беретін жаңа қой тұқымдарын шығару, оларды жетілдіру, өндіріске енгізу, тарату, малдың төзімділік деңгейін анықтау, олардың бағалы түрлерін, топтарын өсіру, ұяң жүнді сарыарқа құйрықты қойының ұрпақтарын өсіріп-жетілдіру, дамыту бағытындағы күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жетекшілік қызметтер атқарды.

Оның тікелей қатысуымен, әрі басшылығымен Алматы облысы Шелек ауданы (қазір Еңбекшіқазақ) «Сөгеті» қой совхозында «Қазақтың биязылау кроссбред жүнді қой тұқымының» Сөгеті түрі шығарылып, тұқыммал бөлімшесі құрылды. Ол осы шығарылған қой тұқымы авторларының бірі болып бекітілді (Бұйрық № 88, 20.06.1994 жыл).

Бейбіт Ақынбайұлы көп жылғы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, 1994 жылы «Генотипі әртекті биязылау етті-жүнді қошқарлардың ұрпағының селекциялық белгілерінің өзгергіштігі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап, бір ауыздан ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атаққа ие болды. Модельді стрессті индукциялау және радиоиммунологиялық әдістемелерді игеріп, малдың жер жағдайына жақсы бейімделген, әрі мол өнім беретін бағалы түрлерін, топтарын анықтап, оларды өндіріске енгізуге қол жеткізді.

Бейбіт Ақынбайұлы 2006-2007 жылдары «Қазақ мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығында» аға ғылыми қызметкер, 2007-2012 жылдары «Қазақ қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында» аға, бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, малдың биологиясы, генетикасы, селекциясы бағытындағы ғылыми-зерттеулерді іске асырды.

Алматы облысы биік таулы Райымбек ауданында өсіріліп жатқан қазақтың арқармеринос қой тұқымымен жүргізілетін селекциялық-асылдандыру жұмыстарының ғылыми жетекшісі болды, осы қойлардың асыл тұқымдарын өсіріп-өндіретін бес тұқыммал шаруашылығын құрды.                

Бейбіт Ақынбайұлы 2010 жылы «Генотипі әртекті қойларды селекциялық-генетикалық бағалаудың аспектісі» тақырыбына докторлық диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы малын өсіру, олардың селекциясы, генетикасы және көбеюі (06.02.01) мамандығы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы деген ғылыми атақ алды.

Ол 2012 жылдан бастап «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ауыл шаруашылығы малының генетикасы бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Отандық сүтті және етті ірі қара малының тұқымдық бағалылығын анықтау ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге үлесін қосуда.

Бейбіт Ақынбайұлы 2012 жылы желтоқсан айында Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Ол 70-тен аса ғылыми еңбектердің авторы. Соның ішінде бір авторлық күәлік, екі кітапша, орысша-қазақша ұсыныстары бар. Жемісті еңбегі үшін мерекелік медалімен марапатталған.

 

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Өмірбаян
Зибров Антон Павлович