Өмірбаян
К.І.Матыжанов – ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры. Филология ғылымдарының докторы. Қазақстанның рухани мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген (2007).
2004 жылы «Қазақ отбасылық-ғұрыптық фольклоры» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған, онда ол қазақ фольклорындағы отбасылық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты біртұтас құбылыс ретінде алғаш рет кешенді түрде зерттей отырып, оның поэтикалық ерекшеліктері және жанрлық жүйесін қарастырады. Кенжехан Матыжанов отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген қазақ фольклоры мен әдебиеті, мәдениет тарихы, этнология, мұражайтану, тіл саясаты мәселелері бойынша 200-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Қазақ фольклортануының өзекті мәселелерін зерттеуге арналған бірнеше монографиялардың авторы: «Қазақтың отбасы фольклоры» (2007), «Рухани уыз» (1995), «Алтын сандық» (1996 ж., қосалқы автормен), «Тал бесіктен жер бесікке дейін» (1996), «Ел қазынасы – ескі сөз» (1997 ж., қосалқы автормен), «Қазақ фольклорындағы ойын элементтері» (1997) және т.б.
К.І.Матыжанов алғаш еңбек жолын педагогикалық қызметтен бастаған; ғылыми саласында 35 жылға жуық еңбек өтілі бар. Түрлі саладағы басшылық қызметтердегі еңбек өтілі – 26 жыл. 1990 жылдан 1999 аралығында Қазақстан ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының доценті, ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратының Ішкі саясат бөлімінің аға референті, ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитеттің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы, ҚР Үкіметі аппаратының әлеуметтік-мәдени даму бөлімінде тіл саясаты жөніндегі кеңесші, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министірлігінің Тіл саясатын үйлестіру департаменті директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министірлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.
Кенжехан Матыжанов осы жылдары біртұтас мемлекеттік тіл саясатының қалыптасуына белсене араласып, Қазақстан Республикасының тіл заңының, тіл саясатының тұжырымдамасын, Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жасауға ат салысты. Мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың тұрақты мүшесі болды.
1999 – 2005 жылдар аралығында ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының директоры, Алматы қалалық әкімдігінің Мәдениет департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2005-2018 жылдары – Алматы қалалық әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, Алматы қалалық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бастығы, «Нұр Отан» ҰДП Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары, Алматы қалалық маслихат депутаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған.
When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.