Өмірбаян
Балапан Даража Нәбиқызы,1955 жылдың 21- ші қарашасында Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген.
Мамандығы – заңгер, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін 1978 жылы бітірген. Республика заңгерлері «Жыл адамы» номинациясының лауреаты.
Заң саласындағы үздіксіз 38 жыл еңбек жолында мемлекеттік қызметтер, адвокат, ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы мекемелерінде заң қызметтерінің басшысы, департаменттер директоры, атқарушы директор лауазымдарын атқарған.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті жанынан 1973-74 жылдары тұңғыш ұлт аспаптар оркестрін ұйымдастыру кезеңінде, университет беделін көтерген мәдени шараларда, республикалық көркемөнерпаздар байқауында бірінші орын алуында елеулі үлесі бар. 1975 жылы Москва қаласында өткен «Университеттердің Халықаралық Ассоциациасының» (Международная ассоциация университетов-МАУ) делегаты болған.1976 жылы Шымкент қаласында өткен, Қазақ Советтік Социалистік республикасының 1-ші республикалық көркемөнерпаздар байқауының дипломанты атанып, ескерткіш медальмен марапатталған.
1978 жылы маман тапшы, шалғай аудандағы заң саласындағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында, Халық депутатары Гурьев облыстық атқару комитетінің ұсынысымен Қызылқоға ауданынан мемлекеттік нотариальдық контор ашуды ұйымдастырды. Аудан тарихында тұңғыш мемлекеттік нотариальдық контордың мемлекеттік нотариусы атанып, еңбек сіңірген азаматтармен қатар, оның Энциклопедиясына енді. Ауданның саяси, рухани, мәдени салаларының дамуына, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Прокуратура бастауыш партия ұйымының секретары, «Білім қоғамының» мүшесі, тұрақты лекторы, «Ақ босаға» атты қыз-келіншектер клубын ұйымдастырып, клубтың алғашқы президенті болды.
Мемлекеттік нысандағы «Гурьевнефтехимстрой» тресінде заң бөліміне басшылық еткен уақыттарда Мемлекеттік құрылыс комитеті жанындағы салалық арбитражбен бірлесіп «Практикалық оқу құралдарын» дайындауға ат салысты.
Облыстық кәсіподақтары федерациясы кеңесінде, «Мұнайгазқұрылыс» кәсіподақтарының заң қызметтеріне жетекшілік жасаған уақыттарда мүшелік ұйымдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда белсенділік танытты.
1995 жылдың 1 наурызынан (Қазақстан республикасының Азаматтық кодексі күшіне енген күннен бастап) «Ембімұнайгаз» ашық акционерлік қоғамында жаңадан құрылған заң қызметін басқарды. Бұл кезең – ел тарихында тәуелсіз мемлекет құрғаннан кейінгі экономикалық реформаны тиісті заңдармен қамтамасыз ету кезеңі болатын. Бірнеше ірі құрамдас бөлімдері болған, «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі болып қалыптасып қалған мекеменің ұйымдық құқықтық нысандары егеменді еліміздің жаңа қабылданған заңдарына сәйкестендірілді. «Ембімұнайгаз» ашық акционерлік қоғамының кен орындары бойынша жер қойнауын пайдаланудағы Республиканың құзыретті органдарымен Шарттар жасауға, оны қорғауға қатысты. «Ембімұнайгаз» ашық акционерлік қоғамының әрбір филиалы - филиал мүлкінің базасы негізінде,100 пайыздық үлеспен заңды тұлғалар - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрылды. Осы бағытта тапсырылған барлық ұйымдастыру мәселелерін, заңды процедураларды абыроймен атқарып, нәтижесінде қоғам экономикасының дамуына үлес қосты.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерде «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің қазақ мұнайын алыс-жақын шет елдерге әртүрлі заттарға айырбастап, бартер жасаған кездегі қайтарылмаған миллиондаған қаржылар талап етудің әртүрлі тәсілдері арқылы мекемеге қайтарылды. 1995 жылы өндірістік қажеттілік үшін, өнім айырбастауды (бартерді) тек қана өнім өндірушімен жасау мақсатында Үкіметке ұсынылатын Қаулылар жобасын дайындауға құқық қорғау органдарымен бірлесіп үлес қосты. Біріккен кәсіпорындар құрудағы заң жүзінде рәсімделу барысына басшылық етті. «Кенбай» кен орнын игеру мәселелері бойынша аукцион өткізуге тікелей қатысып, процедураларды заң талабына сәйкес жүзеге асырды.
«Каспиймұнайгаз» ғылыми зерттеу жəне жобалау институты» акционерлік қоғамындағы заң департаментіне, ұйымдастыру, құқықты қамтамасыз ету департаменттеріне басшылық жасаған кезеңде де абыройлы еңбек етті. Мұнай-газ саласының мамандарына, заңгерлеріне арналған халықаралық конференцияларға қатысып, пікілер білдірді. Теңіз бұрғылау жұмыстарын жүргізуге байланысты Ресей мемлекетіндегі теңіз геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін Оңтүстік Ғылыми-Өндірістік Бірлестігі «Южморгеология» мекемесімен жүргізілген келіссөздерге катысып, Шарттардың жобасын дайындады.
Тәжірибелі заңгерлермен қатар еліміз үшін маңызы зор заң актілерін талқылауда пікір қосты.
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
Т. Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері.
Мұнай-газ саласының ардагері.
Халықаралық «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік, «Еңбек үздігі», «Ұлт мақтанышы» («Бейбітшілік әлемі» (Планета мира-World of Peace), мұнай-газ энергетика қауымдастығының «KAZENERGY» медалдарымен, Халық депутатарының Гурьев облыстық Советі атқару комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Балапан Даража Нәбиқызы сонымен қатар әдеби талант иесі. Баллада, поэма, өлең, әңгімелері, сұхбаттары баспасөздерде жарияланып тұрады. «Айсыз түнгі құс жолы» дастаны, «Ұлы дала рухы» кітабы жарық көрген.
When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.