Өмірбаян
Әбдіқалық Аманкелді Еренғайыпұлы.
Алматы. Теолог. «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті ретінде қажылық саласының көшбасшысы. Қазақстан Республикасы «Даңқ Жұлдызы» ордені, Құрмет ордені, Халықаралық «Ата Түрік» алтын медалі, БҰҰ «Алтын қыран» төс белгісі, Адам құқығын қорғау комитеті «ДОСТЫҚ» ордендерінің иегері.
Әбдіқалық Аманкелді Еренғайыпұлы 1973 жылы Қостанай облысы (бұрынғы Торғай), Амангелді ауданында дүниеге келген. Бала күнінен рухани әлемге құмар, білімге құштар болып өскен Аманкелді қажы жасынан оқуға ынталы болды. 1990 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, 1992–1994 жылдары Меркі қаласындағы медреседе діни сауатын ашып, ислам ғылымының қыр-сырын терең меңгере бастады. 1994 жылы Египеттің астанасы Каир қаласындағы әйгілі әл-Азхар университетіне оқуға қабылданып, 1999 жылы философия мен теология саласында білімі мен біліктілігін шыңдады. Әл-Азхардағы оқу жылдары Аманкелдіге тек діни ілімді ғана емес, әлемдік мәдениет пен философияны терең түсінуге мүмкіндік берді. 2002 жылдан бастап «Спутник Қазақстан» туристік компаниясында қажылық бөлімнің меңгерушісі болып қызмет атқарып, қажылық сапарларды ұйымдастыру ісіне үлкен үлес қосты. Сол жылдары Рухани білім жетілдіру институтының директоры ретінде қызмет етіп, философия ғылымдарының кандидаты, доцент атағын иеленді. Көптеген ғылыми еңбектер мен мақалалардың авторы ретінде танылды. Әбдіқалық Аманкелді Еренғайыпұлы қажылыққа деген адалдығымен ерекше көзге түседі. Ол 22 үлкен қажылық пен 78 умраға қатысып, 100 мәрте қасиетті сапарға барған.
2019-жылы Мекке -Мәдинаға 100-сапар атты Рухани кеш өткізіп,ол кешке Сауд Арабиясы,Египет,Палестина өлкесінің атақты Шейхтарымен Пайғамбар Мұхаммедтің (а.с) тікелей ұрпақтары қатынасты.
Сол уақытқа дейін 27 мыңнан астам Қазақстан қажыларын Сауд Арабиясына жетелеп, рухани тәжірибесін бөлісті. 2007 жылдан бері «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті ретінде қажылық саласының көшбасшысы атанды. Оның қажылықтағы ең есте қаларлық сәттері қатарында: 2007 жылы Сауд Арабиясы шейхтарының қолынан Қағбаның алтынмен жалатылған жазуы бар кисуәсын (жамылғысын) сыйлыққа алу, 2008 жылы қасиетті Қағба ішіне кіріп, дұға тілеу мәртебесіне ие болу, 2009 жылы «әл-Ақса мешітінің тарихы» еңбегінің Палестинада жоғары бағаланып, әл-Ақса мешітінің бас имамы Шейх Наджихтың қолынан «Қуббатус-Сахра» мешітінің алтын күмбезінің бір бөлігі бейнеленген ескерткіш сыйға берілуі, 2010 жылы,2-қаңтар күні Сауд Арабиясы патшасының шақыруымен екінші рет Қағба ішіне кіріп, Әл-Харам мешіті шейхтарының қолынан екінші кисуәны алу, 2011 жылы имандылық пен халықтар арасындағы ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін Халықаралық «Ата Түрік» алтын медалімен марапатталуы, 2012 жылы Палестина өлкесі, Иерусалим қаласындағы «Әл-Ақса» академиясының құрметті профессоры атағын алу, 2013 жылы БҰҰ атынан «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» алтын медалі мен «Бейбітшілік миссиясының елшісі» дипломатиялық атағына ие болуы, 2014 жылы БҰҰ «Адам құқығын қорғау комитеті» атынан «Алтын қыран» төсбелгісіне ие болуы, 2015 жылы «Нұр-Қазақстан қажылық» компаниясы ТМД елдері арасында сала көшбасшысы атағын жеңіп алуы, 2016 жылы Қазақстан Республикасы «Даңқ Жұлдызы» орденімен марапатталуы, 2018 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академик атағын алу, 2019 жылы Құрмет орденімен марапатталуы, 2025 жылы Адам құқығын қорғау комитеті атынан берілетін ДОСТЫҚ орденімен марапатталуы. Аманкелді қажының рухани өміріндегі тағы бір маңызды бетбұрыс – әлемге танымал атақты каллиграф, Сауд арабиясы мемлекетінің тұрғыны,қасиетті Құранға қолының ізі қалған Осман Таһә атамыздың бабаларының Түркістан қаласынан шыққанын анықтап, елге танытуы. 2024 жылы 24 мамырда ол Осман Таһә атамызды Шымкент қаласында салынған Сейітжан Қари атындағы жаңа мешіттің ашылуына қатыстыруға атсалысып, мешіттің медресесіне «Осман Таһә» атын беру үшін келісімін алды.
Осы сапарда Осман Таһә атамыздың бабаларының кіндік қаны тамған Түркістан қаласына зиярат жасалды. Әбдіқалық Аманкелді Еренғайыпұлы – Қазақстандағы рухани қызметтің көрнекті өкілі, қажылық қызметінің ұйымдастырушысы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент және көптеген ғылыми еңбектердің авторы.
Ол халқына қызмет етіп, имандылық пен мәдениет арқылы әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығарып жүрген рухани көшбасшы.
When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.



