Өмірбаян

Батталханов Аманбек Заманбекұлы

(Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Көлік және машина құрылыс Ұлттық академиясынының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

Тянь-Шань тауларының ең биік әрі ең көркем шыңдары — Күнгей Алатау, Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауы Батыстан Шығысқа қарай асқақтап созылып жатыр. Қысы-жазы ақ ұлпа қар жамылып, көз тартар көрініс береді. Алыстан қарағанда бұл мәңгілік мұздықтар «ала» — яғни қазақ тілінде «шұбар», «пестрый» түсті болып көрінеді. Сол себепті бұл таулар «Алатау» деп аталып кеткен.

Осы алып шыңдардың — Күнгей Алатау мен Теріскей Алатаудың — арасымен Жетісу өлкесіндегі ең ірі өзен — Іле өзені ағысын бастайды. Дәл осы қасиетті жерде, Күнгей Алатаудың етегінде орналасқан Көлжат ауылында, мұғалім мен колхозшының қарапайым отбасында Батталханов Аманбек Заманбекұлы дүние есігін ашты.

Ал Кетпен атты тау жотасы бірнеше сілемдерден тұрады, солардың ішіндегі ең көлемдісі — Тоқсанбай жотасы. Бұл атау барлық ресми карталарда көрсетілген, географиялық тұрғыдан нақты белгіленген. Жотаның атауы — Батталханов Аманбектің арғы атасы Тоқсанбай бабасының құрметіне берілген.

1960 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылындағы орыс орта мектебінің бірінші сыныбына барды. 1964-1966 жылдары Панфилов қаласындағы Луначар атындағы орта мектепте оқыды.

1970 жылы Алматы облысы Талғар қаласындағы №1 орта мектепті бітіріп, В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. 1975 жылы аталған оқу орнын инженер-металлург мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтында инженер болып бастады. Кейін 1976–1977 жылдары «Қазтрактордеталь» ӨБ «Поршень» зауытында 5-разрядты инженер болып жұмысын жалғастырды.

1978 жылы өндірістен қол үзбей, Қазақ КСР Ғылым академиясының Металлургия және байыту институтының аспирантурасына оқуға түсті. 1983 жылдың қараша айында Солтүстік Кавказ кен-металлургия институтының диссертациялық кеңесінде техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

1977–1991 жылдары КСРО Министрлер кеңесі жанындағы Автоматтандырылған басқару жүйесінің  жобалау-конструкторлық бюросында және «Системотехника» ғылыми өндірістік бірлестігінде конструктордан бастап жобаның бас инженері және бас инженер қызметтерін атқарды. Ол жылдары «Системотехника» ҒӨБ металлургия және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын автоматтандыру бойынша Қазақстандағы жетекші ұйым болды.

2001–2006 жылдары Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің «Арнайы бағдарламалардың ғылыми-әдістемелік орталығы» РМК-да директордың орынбасары, бірінші орынбасары және директордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарды.

2006 жылдың қыркүйек айынан бастап «ҚазТрансГаз» АҚ-да қызмет басшысы болып жұмыс істеді.

2016 жылдың шілде айында зейнетке шықты. Алайда, жастарға білім беру мақсатында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде доцент қызметін атқарып, ұстаздық етіп келеді.

Қоғамдық қызметпен де белсене айналысымп, «ҚазТрансГаз» АҚ-ның алғашқы кәсіподақ төрағасы және алғашқы омбудсмені болды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Көлік және машина жасау ұлттық академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды.

Кеңес Одағының Техникалық шығармашылық көрмесінің лауреаты, ҚР «Самрұқ-Қазына» АҚ ұйымдастырған шығармашылық байқаулардың лауреаты болып табылады.

Аманбек Батталхановтың есімі Албан руының Қожбанбет атадан тарайтын шежіреде жеке мақала ретінде енгізілген - мұндай құрмет, әдетте, рудың ең сыйлы өкілдеріне ғана көрсетіледі.

Аманбек Заманбекұлы Батталханов келесі марапаттар мен алғыс хаттарға ие: КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Бас мұрағат басқармасының Құрмет грамотасы; Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің Құрмет грамотасы; Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Құрмет грамоталары; «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық белгісі; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталары; «Қазақстан мұнайына 100 жыл» естелік медалі; «Райымбек батыр» естелік медалі.

Шамамен 100-ге жуық ғылыми еңбектің авторы, олардың 7-і КСРО Ғылым академиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының басылымдарында жарық көрген. Сонымен қатар, 2 монография мен 3 оқу құралының авторы. Оның ғылыми еңбектері «ҚР ҰҒА Хабаршысы», Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты, «ҚР Ұлттық инженерлік академиясының хабаршысы» және басқа да ғылыми басылымдарда жарияланған.

Қауіпсіздік саласындағы бірқатар халықаралық іс-шараларға қатысқан, соның ішінде Лондонда өткен Capricorn Exhibitions & Conferences Limited көрме-конференциясы және Монакодағы Халықаралық қауіпсіздік конференциясы.

Аманбек Батталханов отбасылы, үш ұлы, бес немере қыз және үш немере ұлы бар.

Жұбайы - Батталханова Райхан Ахметқызы. Тұрмысқа дейінгі фамилиясы - Жиенқұлова. Ол Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың сіңілісі болып келеді. Металлург мамандығы бойынша бірге оқыған курстастары арасында үлкен беделге ие, олар Райхан Ахметқызын қонақжайлылығы үшін ерекше құрметтейді.

Ұлдары - Батталхановтар: Асылбек, Әлібек, Тимур. Үшеуі де жоғары білімді. Асылбек - кәсіпкер, ал Әлібек - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясында қызмет атқарған. Кенже ұлы Тимур Батталханов Staffordshire университетінің түлегі, қазіргі уақытта Астанада тұрады.

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Autobiography
Өмірбаян