Техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор
Нұржауов Амангелді Қазақ КСР Гурьев ( қазіргі Атырау) облысының Индер кентінде 1938 ж. 1–май күні туған.
Ол Индербор орта мектебін бітіргеннен кейін 1955 жылы Ташкент ирригациялық институтының механикалық факультетіне оқуға түседі. Оны бітіріп шыққаннан кейін Гурьев мемлекеттік тәжрибе станциясында ғылыми жұмыстар бойынша бас инженер болып қызмет істеді. Содан кейін 1964 жылдан бастап Павлодар индустриалды институтына (қазіргі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті) оқытушылық жұмысқа өтеді. 1968 жылы Харьковтың Ленин орденді В.И. Ленин атындағы политехникалық институтының аспирантурасына түсіп, оны машина–трактор агрегатының динамикасын зерттеу саласындағы тақырыпта диссертация қорғап, бітіріп шығады. Осыдан кейін ол Павлодар индустриалды институтының «Автомобильдер және тракторлар» (кейіннен « Көліктік техника». «Көліктік техника және логистика» болып өзгертілген) кафедрасында аға оқытушы, доценті, профессоры және 1978 жылдан бастап 2010-жылға дейін кафедра меңгерушісі болып және осы уақыт ішінде – 1992...1996 ж.ж. бірінші ашылған Мелекеттік тілде оқыту факультетінің (МТОФ) деканы болып жұмыс істеді. Ал, қазір С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Құрметті кафедра меңгерушісі» деген лауазымына ие болып, осы кафедраның профессоры жұмысын атқаруда. Сонымен қатар ол Қырғыз Республикасы Ұлттық академиясының Машинатану институты жанындағы 05.05.03 – Доңғалақты және шынжыр табанды машиналар және 05.22.10 – Автомобиль көлігін эксплуатациялау мамандықтары бойынша ғылым докторы және кандидаты атақтарын беру жөніндегі мәселелерін қарастыратын Д.05.11.043 Диссертациялық кеңесінің мүшесі.
А.Нұржауов Павлодар индустриалды институтында Автомобиль және трактор жасау мамандығын және кафедрасын (Қазақстанда алғаш және бірегей болған) ашу жұмыстарын ұйымдастырушысы болып табылады және осы мамандық бойынша Қазақстанда бірінші болып ғылыми кандидаттық дәрежеге ие болды. Қазір осы мамандықтың аталуы өзгертілгеннен кейін 05.05.03 – Доңғалақты және шынжыр табанды машиналар мамандығы бойынша Қазақстанда бірінші болып докторлық диссертацияны қорғап шықты.
Кафедра меңгерушісі болып істеген кезінде 1980–жылы А.Нұржауовтың инициативасы бойынша және оның тікелей қатысуымен кафедраның ғылыми-техникалық базасы негізінде КСРО трактор және ауылшаруашылық машина жасау министрлігі мен ҚКСР жоғары және орта арнайы білім беру министрлігінің бірлескен шешімімен автомобиль және трактор жасау саласындағы Республикада бірінші, Одақта алтыншы болған «Өндірістік тракторлардың трансмиссияларының жүктелуін зерттеу» атты Салалық ғылыми–зерттеу зертханасы (ОНИЛ) ашылды. Зертхананың ғылыми жетекшісі болып А. Нұржауов тағайындалды. Зертханада А.Нұржауовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен автомобиль және трактор жасау жөніндегі бас институты НАТИ-мен бірлесе отырып, «Павлодар трактор зауыты» ӨБ-інде ДТ-75МП, ДТ-75МЛ «Қазақстан» тракторларын жасау және оларды жетілдіру мәселелелеріне байланысты ғылыми–зерттеу жұмыстары орындалып, нәтижелелері өндіріске енгізілді. ОНИЛ зертханасында орындалған ғылыми–зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша бес кандидаттық диссертация қорғалып шықты. Оның ішінде екі диссертацияны зауыттың бас конструкторы мен мамандары қорғады. НАТИ-дің Челябі филиалының ғылыми кеңесінің шешімі бойынша ОНИЛ зертханасында А.Нұржауовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен орындалып, ұсынылған 30...40 кН тарту күші класындағы шынжыр табанды тракторлардың бұру механизмін үдетіп сынау тәсілі Одақта бүкіл салалық сынау тәсілінің негізі ретінде қабылданды.