Өмірбаян

Сара Әділгерейқызы Күзембай 1937 жылдың 24 наурызында Алматы облысы Қарасай ауданының «Прямой путь», қазір – «Іргелі» ауылында дүниеге келген.

 

1961 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының тарихи-теориялық факультетін бітірген. Өнертану докторы (2007), профессор (1996), ҚР білім беру ісінің үздігі (1997), Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі (1972 жылдан бастап), Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (2004), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2010), Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2009), ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі (2013). Ол 2004 жылы «Әлемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болып, есімі Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Каролина штатының дүниежүзілік Өмірбаяндық институтының кітабына енді.

Отандық музыка зерттеуші ғалым Күзембай Сара Әділгерейқызының есімі республика көлемінде ғана емес, елімізден тыс Жақын және Алыс шетелдерге танымал.

Өзінің ғылыми шығармашылығында ол ұлттық музыкатану саласының өзекті мәселелерін зерттеді. Жарты ғасырлық ғылым жолында 400-ден астам ғылыми және музыкалық сыни еңбектер жазды, олардың арасында оншақты монографиялары, кітаптары мен зерттемелері бар. Сонымен қатар, ол бүгінге дейін Халықаралық конференциялар мен форумдардың және симпозиумдардың белсенді қатысушысы.

Бірнеше жылдар бойы Қазақстан композиторларының әрбір жазған жаңа опералық туындылары туралы С.Ә.Күзембайдың кәсіби деңгейдегі пікірлері республикалық, Бүкілодақтық және ТМД елдерінің халықаралық басылымдарында үздіксіз жарияланып келеді.

С.Ә.Күзембай - «Сольфеджио» (оқулық, 1967), «Формирование гармонии в казахской музыке» (музыкалық-теориялық зерттеме, 1977), «Воспеть прекрасное» (қазақ музыка театры туралы очерктер, 1982), «Лекции по истории казахской музыки» (Т.Егінбаевамен бірігіп, 2005), «Национальные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской оперы» (монография, 2006), «Қазақ опералары» (Г.Ж.Мұсағұлова, З.М.Қасымовамен бірігіп, 2010), «Казахские оперы» (Г.Ж.Мұсағұлова, З.М.Қасымовамен бірігіп, 2010), «Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер» (Т.Егінбаевамен бірігіп, 2011), «Ұлттық музыкатану ғылымының өзекті мәселелері» (2012) сияқты іргелі ғылыми еңбектердің авторы.

Сонымен қатар 2014 ж. жарық көрген ұжымдық монографияның («Музыкальное искусство народа Казахстана») орыстардың дәстүрлі және қазіргі кезеңдегі музыка мәдениеті туралы қомақты бөлімін жазды.

Музыкатанушы ғалым ұлттық опера театрының қалыптасу тарихына қатысты теориялық зерттеулер жүргізді, майталман орындаушылардың өнері туралы портреттер жазып, оның тақырыптық-эстетикалық және этикалық мәнін ғылыми тұрғыда саралады.

С.Ә.Күзембай қазақтың халық және кәсіби музыкасы негізінде есту, есте сақтау, ырғақ сезу қабілеттерін дамытатын сольфеджио пәніне арналған тұңғыш оқулықтың авторы. Республика деңгейіндегі музыкалық білім саласында бұл оқулықтың осы уақытқа дейін өзектілігі мен маңыздылығы оның әдістемелік жүйесінің жаңашылдығы мен терең ақыл-ойға негізделуінде болып табылады.

Сара Әділгерейқызы отандық музыкатану саласында көне фольклордағы гармониялық көпдауыстылықты теориялық тұрғыдан алғаш рет зерттеген ғалым. Оның «Формирование гармонии в казахской музыке» атты еңбегінде Қазақстан композиторларының шығармашылығындағы ұлттық сипаттар мен классикалық принциптердің өзара байланысы мен бір-біріне тигізген ықпалы қарастырылған.

Музыкатанушы ғалымның Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының 50 жылдығына орай «Воспеть прекрасное» атты жаңа кітабы жарық көрді. Білікті ғалым ұлттық опера театрының қалыптасу тарихына қатысты теориялық ізденістер жүргізіп, стилистикалық және тілдік ерекшелігі әр алуан опералардың сюжеттік және музыкалық драматургиясын айқындады. Опера туындыларының жан-жақтылығын тұтастай қамтып, композитордың шығармашылық келбетін танытатын өзіне тән қолтаңбасын анықтады, музыкалық театр өнеріндегі дәстүр жалғастығы мен жаңашылдық мәселесін негіздеді, опералық музыканың ұлттық өзегін және эмоциялық әсерін белгіледі.  

2006 жылы жарық көрген «Национальные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской оперы» атты монографиясында автор отандық музыкатану ғылымының тарихында тұңғыш рет халықтың көркемдік дәстүріндегі опера жанрына тән және оған негіз болатын белгілерді анықтау мәселесі жүйелі түрде зерттелді. Мұнда тұңғыш рет батыс Еуропа операсындағы музыкалық-сахналық жанрларының заңдылықтары шағын ауызша-поэтикалық және музыкалық фольклор формаларынан (ертегі, жұмбақ өлең, тарихи ән, бата сөз) анықталады. Зерттеуде қазақ эпосындағы опералық өзектер мен олардың мазмұнының ара қатыстылығы қазақ және түркітілдес халықтарының эпикалық мұраларының негізінде, олардың дүниетанымы мен ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып аса толық әрі терең ашылған. Көзделген жаңашыл ғылыми идея музыкалық-поэтикалық фольклор үлгілерінің құрылымында нақтылы түрде қарастырылады. Фольклордың көптеген түрлерінде бар опера белгілері өзінің интерпретациясын, трансформациясын және даму жолын қазақ операларында жүзеге асыра отырып, нәтижесінде олардың фольклорлық көркемділіктері жаңа жанрда көрініс тапқандығы, ғылыми түрде дәлелденеді. Еңбекте алғаш рет көне фольклорлық музыкасындағы сарын жанры, оның түпнұсқасынан анықталған түрлері ­– жай сарын, үйлену-ғұрыптық, бақсы, ақындар, сал-сері сарындары, сондай-ақ қазақ ән шығармашылығының сан алуан үлгілері туралы баяндалады.    

С.Ә.Күзембай өнертану кандидаттары Г.Ж.Мұсағұлова, З.М.Қасымовамен бірігіп 2010 жылы жарық көрген «Казахские оперы» және «Қазақ опералары» атты кітаптарды баспадан шығарды. Бұл кітаптың ғылыми маңыздылығы мен құндылығы, алғаш рет Қазақстан музыкатану ғылымы саласында опера өнерін сүйетін әрі құрметтейтін қалың жұртшылыққа ұлттық опера мектебінің негізгі кезеңдік қалыптасуы мен дамуындағы 50-ден астам шығарма іріктелініп алынған. Кітапта классик шеберлер мен еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жазылған, сондай-ақ әртүрлі себептермен сахнада қойылмаған, театр репертуарында берік орын алмаған шығармалар мүмкіндігінше әртүрлі аспектілерден зерттеледі.

2011 жылы «Қазақ музыкасының тарихынан дәрістер» (өнертану кандидаты, профессор Т.Егінбаевамен бірігіп) атты қомақты, мазмұнды еңбегі жарық көрді.

Жоғарыда аталған монографиялармен қатар С.Ә.Күзембайдың 12 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясында», 4 томдық «ҚазССР энциклопедиясында», «Алматы», «Абай», «Қазақ өнері» энциклопедияларында, «Опера» және «Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының музыка тарихы» аталатын Үлкен Ресей энциклопедияларында ұлт музыкасының тарихы мен теориясы туралы көптеген мақалалары мен очерктері жарияланды. Оларда музыка театрының тарихы, ұлттық өнердің тарихы мен теориясы туралы кең ауқымда әртүрлі мәселелер қамтылған. Ол дәстүрлі және бүгінгі заман музыкасының өзекті мәселелерін, ұлттық музыка тілінің микро және макро деңгейдегі (ладтық, ырғақ, өлшем, әуеннің құрылымы) спецификалық ерекшеліктерін, кәсіби сазгерлердің шығармашылықтарындағы көркемдік-стильдік ағымдарды, фольклордың әсерін және шығыс пен батыс-еуропалық мәдениеттің жаңа заңдылықтарының дамуын көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004-2009 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми-педагогикалық ұжымы және Қазақ ұлттық консерваториясы бірлесіп алғаш рет қазақстандық музыкатанудан мол мәлімет беретін сегіз кітаптан тұратын «Қазақ музыкасының антологиясы» деп аталатын еңбек жарыққа шықты. Бұл антологияның орындалуына Сара Әділгерейқызы жетекшілік жасады.

Осы күрделі жобада алғаш рет Қазақстан музыкатану ғылымы саласында көне, дәстүрлі орындаушылық және композиторлық шығармашылықты сүйетін әрі құрметтейтін қалың жұртшылыққа ұлттық өнер мектебінің негізгі кезеңдік қалыптасуы мен даму барысының тарихи жолын көрсететін бірнеше шығарма ұсынылды.

Зерттеуші қоғамдық ғылыми жұмыстарға да белсенді түрде атсалысты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жанындағы К 53.40.03 кандидаттық диссертация қорғау Кеңесінің мүшесі болды. Отандық және шет ел ізденушілерінің диссертациялық жұмыстарына бағыт-бағдар берді. С.Күзембайдың тікелей жетекшілік етуімен 11 кандидаттық және бір докторлық диссертациялар қорғалды.

         Көптеген жылдар бойы Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі бола жүріп, ол КСРО композиторлар Одағы құрамында Германия, Польша, Португалияда іссапарларға барды.

С.Ә.Күзембай отандық жетекші жоғары және орта музыкалық оқу орындарында – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде, Батыс-Қазақстанның М.Өтемісов атындағы Мемлекеттік унисерситетінде т.б. жоғары кәсіби деңгейде шеберлік-кластарын өткізді. Ғалымның мұндай әрбір дәрісі өзінің мазмұндылығымен, жаңалығымен және сирек нота үлгілерінің иллюстрацияларымен, деректі материалдарды ұтымды бере білуімен ерекшеленеді.

Оның шәкірттерінің арасында – ҚР Халық артистері, еңбек сіңірген қайраткерлері, Республикалық байқаудың лауераттары және басқалар бар.

Профессор шығармашылық, ғылыми, ұстаздық жемісті қызметі үшін ҚазКСР ҒА, Қазақстан ОК ЛКЖО, ҚазКСР ЖОО министрлігінің және ҚазКСР Жоғары Кеңесінің, ҚР ақпарат, қоғамдық келісім және мәдениет министрлігінің арнайы құрмет грамоталарымен марапатталып, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері болды.

Бүгінгі таңда Сара Әділгерейқызы кәсіби деңгейде азаматтық міндетін адал атқарып, өз ісіне деген үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлық сияқты бойындағы сирек ұшырайтын қасиеттерімен еліміздің өнері мен мәдениетінің одан әрі дамуына зор үлесін қосуда.

Мұсағұлова Г.Ж.

Өнертану ғылымының кандидаты, доцент

ҚР композиторлар Одағының мүшесі

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Кулманова Назира Кадыровна
Autobiography