Өмірбаян

Абильдина Гайнижамал Байкаримовна, ұлты қазақ, 1953 жылдың қантар айының 16 күні Қарағанды облысы, Ұлытау  селосында дүниеге келген.

      Ғайнижамал Абильдина – тележурналистика мен кинодокументалистика саласында есімі белгілі тұлға. Қазақ кинопедагогикасының негізін салғандардың бірі. Әл – Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінің  журналистика факультетін 1976-шы жылы бітірген жылдан бастап қазақ өнері мен мәдениетін өркендетуге  аянбай еңбек етіп келе жатқан жан. Еңбек және шығармашылық жолын «Жаңа фильм» журналының редакторлығы қызметінен 1976-шы жылы бастаған. 1976-1983-ші жылдары «Жаңа фильм» журналының редакторы, 1983-1985-ші жылдары Қаз ССР Мемлекеттік Кинематография комитетінің әдістемелік комитетінің редакторы, 1985 - 1996-шы жылы «Қазақтелефильм» студиясының сценарлық редакция коллегиясы редакторы, 1996-1999-шы жылдары «ТАҢ» телекомпаниясы бас редакторы қызметтерін атқарған. 1999-шы жылдың қазан айынан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына аға оқытушылық қызметке шақырылып, 2001-2003-ші жылдары «Телевизия» кафедрасының меңгерушісі, 2003-2004-ші жылдары «Кино және ТВ» факультетінің әдістемелік орталығының басшысы, 2005 - 2007- жылдары «Кино және ТВ» факультетінің деканы қызметтерін атқарған. Бүгінде «Экран өнері режиссурасы» кафедрасының профессоры.

Редактор, сценарист және режиссер ретінде жүздеген деректі фильмнің жасалуына ат салысты. Шығармашылық жолында 200-ге тарта деректі, мультипликациялық, фильм - монологтардың авторы, редакторы, режиссері (Қазақтелефильм» студиясы). Өзінің авторлық  «Күнтізбек», «Ниет», «Ғайнижамал сырласуға шақырады» және «Портрет» бағдарламаларын эфирге шығарып,  200-ге тарта телехабарлардың авторы әрі режиссері («ТАҢ» телекомпаниясы) болған.

        Оқытушылық қызметте «Режиссура» мен «Операторлық өнер» мемлекеттік стандарт авторларының бірі әрі бірнеше типтік әрі оқу бағдарламаларының («Репортер шеберлігі», «Әлем телевизиясының тарихы», «Редакциялық жұмыс негіздері», «Телережиссураның негіздері», «Телерадиохабарларын тарату теориясы мен тәжірибесі») авторы. Екі оқу әдістемелігі: «Оқу, өндірістік және дипломалды практикалар» (2011ж) мен «Ақпараттық (жаңалық) бағдарламаларының жасалуы», (2012ж) сонымен бірге «Телевизия өнері: теориясы мен технологиясы» (2012ж)  оқу құралының авторы. «Қазақтың ірілері»(2016 ж) атты эссе кітабы мен «Ән-ғұмыр» (2017 ж) жинағының авторы.

         Ғайнижамал Байкаримовна Әбілдина кино мен телевидение саласының көрнекті маманы. Бірнеше жұмыстарымен түрлі кинофестивальдердің жүлдегері атанып әрі түрлі шараларға ат салысты, «Ұлытау... ғасырлар үні» деректі фильмімен 1991 - ж. Саратов қаласында өткен Бүкілодақтық Деректі фильмдер кинофестивалі мен 1997 – жылы Мәскеуде өткен Жарнама фильмдер мен бейнесюжеттер фестивалі және 2013-шы жылы Франгфуртте өткен Дүниежүзілік кітап көрмесіне («Телевизия өнері: теориясы мен технологиясы» оқулығымен) қатысқан.

        Әбілдина Ғайнижамал бірнеше айтулы кино мен телефестивальдер қазылар алқаларының мүшесі әрі 25-28-ші маусым аралығы 2014 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық Балалар киносы фестивалінің қазылар алқасының төрайымы болды.

        Ғайнижамал Әбілдина қай қызметте болмасын, өзінің алғырлығымен, білімділігі әрі табандылығымен танылған маман. Қай ортада болмасын, сыйлы, жүрген жерінде кәсіби шеберлігін ұштаудан жалықпайтын жан.

Ғайнижамал Әбілдина – КСРО кинематографисттер мен журналисттер одақтары мүшесі, Халықаралық Ақпараттандыру академиясы академигі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы профессоры, Экран шебері, Алтын Жұлдыз дипломанты, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері.

×
Stay Informed

When you subscribe to the blog, we will send you an e-mail when there are new updates on the site so you wouldn't miss them.

Autobiography
Өмірбаян