Техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор
Нұржауов Амангелді Қазақ КСР Гурьев ( қазіргі Атырау) облысының Индер кентінде 1938 ж. 1–май күні туған.
Ол Индербор орта мектебін бітіргеннен кейін 1955 жылы Ташкент ирригациялық институтының механикалық факультетіне оқуға түседі. Оны бітіріп шыққаннан кейін Гурьев мемлекеттік тәжрибе станциясында ғылыми жұмыстар бойынша бас инженер болып қызмет істеді. Содан кейін 1964 жылдан бастап Павлодар индустриалды институтына (қазіргі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті) оқытушылық жұмысқа өтеді. 1968 жылы Харьковтың Ленин орденді В.И. Ленин атындағы политехникалық институтының аспирантурасына түсіп, оны машина–трактор агрегатының динамикасын зерттеу саласындағы тақырыпта диссертация қорғап, бітіріп шығады. Осыдан кейін ол Павлодар индустриалды институтының «Автомобильдер және тракторлар» (кейіннен « Көліктік техника». «Көліктік техника және логистика» болып өзгертілген) кафедрасында аға оқытушы, доценті, профессоры және 1978 жылдан бастап 2010-жылға дейін кафедра меңгерушісі болып және осы уақыт ішінде – 1992...1996 ж.ж. бірінші ашылған Мелекеттік тілде оқыту факультетінің (МТОФ) деканы болып жұмыс істеді. Ал, қазір С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Құрметті кафедра меңгерушісі» деген лауазымына ие болып, осы кафедраның профессоры жұмысын атқаруда. Сонымен қатар ол Қырғыз Республикасы Ұлттық академиясының Машинатану институты жанындағы 05.05.03 – Доңғалақты және шынжыр табанды машиналар және 05.22.10 – Автомобиль көлігін эксплуатациялау мамандықтары бойынша ғылым докторы және кандидаты атақтарын беру жөніндегі мәселелерін қарастыратын Д.05.11.043 Диссертациялық кеңесінің мүшесі.
А.Нұржауов Павлодар индустриалды институтында Автомобиль және трактор жасау мамандығын және кафедрасын (Қазақстанда алғаш және бірегей болған) ашу жұмыстарын ұйымдастырушысы болып табылады және осы мамандық бойынша Қазақстанда бірінші болып ғылыми кандидаттық дәрежеге ие болды. Қазір осы мамандықтың аталуы өзгертілгеннен кейін 05.05.03 – Доңғалақты және шынжыр табанды машиналар мамандығы бойынша Қазақстанда бірінші болып докторлық диссертацияны қорғап шықты.
Кафедра меңгерушісі болып істеген кезінде 1980–жылы А.Нұржауовтың инициативасы бойынша және оның тікелей қатысуымен кафедраның ғылыми-техникалық базасы негізінде КСРО трактор және ауылшаруашылық машина жасау министрлігі мен ҚКСР жоғары және орта арнайы білім беру министрлігінің бірлескен шешімімен автомобиль және трактор жасау саласындағы Республикада бірінші, Одақта алтыншы болған «Өндірістік тракторлардың трансмиссияларының жүктелуін зерттеу» атты Салалық ғылыми–зерттеу зертханасы (ОНИЛ) ашылды. Зертхананың ғылыми жетекшісі болып А. Нұржауов тағайындалды. Зертханада А.Нұржауовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен автомобиль және трактор жасау жөніндегі бас институты НАТИ-мен бірлесе отырып, «Павлодар трактор зауыты» ӨБ-інде ДТ-75МП, ДТ-75МЛ «Қазақстан» тракторларын жасау және оларды жетілдіру мәселелелеріне байланысты ғылыми–зерттеу жұмыстары орындалып, нәтижелелері өндіріске енгізілді. ОНИЛ зертханасында орындалған ғылыми–зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша бес кандидаттық диссертация қорғалып шықты. Оның ішінде екі диссертацияны зауыттың бас конструкторы мен мамандары қорғады. НАТИ-дің Челябі филиалының ғылыми кеңесінің шешімі бойынша ОНИЛ зертханасында А.Нұржауовтың жетекшілігімен және тікелей қатысуымен орындалып, ұсынылған 30...40 кН тарту күші класындағы шынжыр табанды тракторлардың бұру механизмін үдетіп сынау тәсілі Одақта бүкіл салалық сынау тәсілінің негізі ретінде қабылданды.
А. Нұржауовтың ғылыми жұмыстарының тізімінде 100-ден астам еңбектер тізілген. Сегіз ғылыми мақала шет елдерде жарық көрген. Оның ішінде үшеуі – Чехословакияда (Прага, Жилина қалаларында), бесеуі испан тілінде – Никарагуа Республикасында. Соңғы уақытта А. Нұржауов еңбектерінің басым көпшілігін мемлекттік тілде жариялап жүр. Олардың ішінде көлемді «Шынжыр табанды трактордың динамикасы және оны үдетіп сынау тәсілдемесі» (2008ж), «Исследование динамики гусеничного трактора класса 30–40 кН тяги и ресурса его планетарного механизма поворота» (2009 ж) атты монографиялары басылып шықты. Машинажасау саласындағы мамандарды мемлекеттік тілде дайындау үшін арналған «Трактор теориясы негіздері» (1996 ж., Алматы) деп аталатын кітабы Республикада машина жасау саласында мемлекеттік тілде жазылып, басылып шыққан бірінші оқулық болып табылады. Қазір ол қайта басылып шығаруға дайындалып қойылды. Аталған шығармалармен бірге қазақ тілінде басылып шығарылған «Трактордың тарту күші динамикасы және отын үнемділігі» (1995 ж., Алматы) және «Қазақстан» шынжыр табанды тракторының жалпы құрылысы және оны пайдалану» (2003ж. Павлодар) кітаптары оқу үрдісіне енгізіліп, он бес жылдан астам уақыт ішінде қолданылып келеді.
А. Нұржауов екі рет шет елдерде іссапарында болып келді. 1973–жылы Чехословакияда, 1987...1990 ж.ж. Орталық Америкадағы Никарагуа Республикасында болған кездерінде еліміздің абыройын жоғары дәрежеде көрсете білді. Никарагуа Республикасының Ұлттық инженерлік университетінде жұмысы кезінде тәжрибелік, машықтану сабақтарын және дәрістерін испан тілінде оқып, жүргізді. Осы уақыт ішінде ол испан тілінде тоғыз әдістемелік нұсқау жазып шығып, оқу үрдісіне енгізіп кетті.
А. Нұржауовтың баулып шығарған түлектерінің ішінен министрді, министрдің орынбасары, шет елдерде жұмыс істейтін, т.б. ірі қызметтегі мамандарды кездестіруге болады. С.Торайғыров Павлодар мемлекеттік университетінің өзінде жұмыс істеп жүрген екі проректор, екі декан А.Нұржауовтың түлектері болып табылады.
А. Нұржауов – еңбек ардагері. Кәсіптік, қоғамдық, ғылыми-педагогикалық жұмыстары және Интернационалдық міндетін атқарудағы еңбектері үшін марапаталған:
1. КСРО экономикалық байланыстары бойынша мемлекеттік комитетінің Құрметті грамотасы. 1988 ж. 01- мамыр;
2. Никарагуа өкіметі және Ұлт азат ету Майданының Құрметті грамотасы. 1987 ж. 07 – қараша;
3. Никарагуа ұлттық инженерлік университетінің грамотасы (Манагуа қ.). 1988 ж. 18-қараша;
4. Никарагуа Республикасы жастарының ұлттық комитеті грамотасы. 1989 ж. 19- шілде;
5. Никарагуа ұлттық техникалық-инженерлік университетінің грамотасы (Манагуа қ.). 1989 ж. 30- қараша;
6. «Қазақстан Республикасының білім саласының құрметті қызметкері» медалі;
7. «Құрметті кафедра меңгерушісі»;
8. ПМУ сіңірген еңбегі үшін С.М. Торайғыров атындағы алтын медаль;