Сәулебек Жәмкенұлы Жәмкенов, 01.04. 1952 жылы Қарағанды облысының Киік стансасында туған. Орта мектепті Қарағанды қаласында бітірген. Үш жоғары білімі бар - 1974 жылы ҚазМУ-дың, 1983 жылы Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика факультеттерін, 2004 жылы Қарағанды «Болашақ» институтының заң факультетін бітірген.
1974 жылдан 1981 жылға дейін сол кездегі республиканың бас басылымы «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет істеп, өзінің журналистік шеберлігін шыңдады.
1983 жылдан 1988 жылға дейін Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумында аға референт. 1988 жылы білікті журналист ретінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басылымы - «Қазақстан коммунисі» журналына қайта шақырылып, бөлім меңгерушісі және редакция алқасының мүшесі болды.
1994 жылы тұңғыш халықаралық Қазақ – Түрік газеті «Заман-Қазақстан» басылымының құруылуына белсене ат салысып, оның оңтүстік өңірдегі аймақтық тілшілер қосынын құрып, жетекшілік етті.
1998 жылы Қазақ ақпарат агенттігінің жаңа астанадағы тілшілер қосынын құрып, оған басшылық жасады.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Сотына Баспасөз хатшысы қызметіне келіп, оның баспасөз қызметінің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді.
2001 жылы арнайы шақырумен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына ауысып, оның баспасөз қызметін құрды. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тұңғыш ресми Баспасөз хатшысы болды. Ол қызмет атқарған 15 жылда бұрын жабық орган болып саналатын прокуратура саласы есігін айқара ашып, жұртшылық үшін жария мекемеге айналды.
Одан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Баспасөз қызметінің басшысы болып келіп, оның баспасөз қызметін жолға қойды. Бұл Комитет соңғы уақыттарда өз жұмысын осы заман талабына сай қайта құрып, жаңа ақпараттандыру технолгияларын кеңінен енгізе отырып, «Арыздарды электронды тіркеу», «Айқын», «Электронды талон», «Бизнес тірегі», «Қылмыстылық картасы», «Жол-көлік оқиғалары картасы», «Сотқа дейінгі тергеуді бірыңғай тіркеу» және басқада электронды порталдар ашумен ерекшеленсе С.Жәмкенов осы игілікті істерге белсене араласып, осындай жаңалықтар жөнінде республикалық орталық баспасөз беттерінде 100-ден астам мақала жариялады.
Алғаш рет ҚР Бас прокуратурасының және оның Комитетінің веб-сайттарын ашып, онда жұртшылық үшін қажетті ақпараттарды үзбей беріп отырды. Бұлар бүгінгі күні республикамыздағы озық сайттар қатарында. Оларға еліміздегі контент-ұйымдары талай рет жоғары баға берді.
Бұл еңбектері үшін ол Қазақстан Журналистер Одағының және Мәдениет және ақпарат министрлігінің дипломдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
С.Жәмкенұлының үлкен еңбегі – «Өнер» баспасынан шыққан «Қазақстан Республикасының прокуратурасы» атты кітабі. Көлемі 40 баспа табақ түрлі түсті суретті бұл еңбекте Қазақстан прокуратурасының бүкіл 80 жылғы тарихы, қалыптасу кезеңдері түгелдей қамтылған.
С.Жәмкеновтің тікелей ұйымдастыруымен шыққан «Құқықтық Қазақстан» апталық газеті қазір республика баспасөзі арасынан өзінің лайықты орнын алды.
Республикалық орталық баспасөздерде шыңдалған кәсіби журналист ретінде ол құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлерінің мақалаларының жариялануына үзбей ат салысып келеді. Сонымен қатар ол осы салада бірнеше кітап шығарды, атап айтқанда:
- «Ақиқаттың ақ жолы» - 2000 жыл.
- «Тұғыры берік туған ел» - 2001 жыл.
- «На страже законности» - 2002 жыл.
- «Мейрімің қалды мәңгілік» - 2003жыл.
- «Бәйтерек» - деректі бейнефильмі.
- «Тұлға.Заңгер.Ғалым» - 2004 жыл.
- «Қазақстан прокуратурасының генералдары» суретті кітаптың
шығуына да белсене ат салысты.
Қызметтік парызын үлгілі орындағаны және жұмыстағы жеткен жетістіктері үшін ол бірнеше рет мемлекеттік марапаттарға ие болды. Ол «Прократура үздігі», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен және «Астананың 10-жылдығы», «Қазақстан прокуратурасының 20- жылдығы» мерекелік, сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» және үшінші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.
С.Жәмкенов 1981 жылдан бері Журналистер Одағының мүшесі және «Қазақ журналистикасының қайраткері» құрметті атақтың иегері.