By Мукатаева Лепуда Каримовна on 09.01.2017
Category: Дополнительные материалы

Өмірбаян

Лепуда Кәрімқызы Мұқатаева 1949 жылы 10 қазанда Қостанай облысы Октябрь ауданы Жаныспай стансасында дүниеге келген. 1964 ж. сегізжылдық Жаныспай мектебін, 1966 ж. Құсмұрын стансасының № 200 орта мектебін бітіреді.

Қостанай мемлекеттік институтының тарих факультетін аяқтағаннан кейін тарих және қоғамтану мұғалімі мамандығын алып, мұғалім, ауылдық кітапхана меңгерушісі, туған ауданының бастауыш мектеп меңгерушісі, сонан соң пионер жетекшісі, Рудный қаласының № 18 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.

Еңбек жолын 1967 жылы бастайды. 1970-1975 жж. КСРО 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтында білім алып, тарих және қоғамтану мұғалімі біліктілігі беріледі. 1978 жылдың наурыз айынан бастап Лепуда Кәрімқызы жоғары білім беру жүйесінде еңбек етіп келе жатыр. 1978-1991 жылдар аралығында өзінің оқытушылық қызметін Рудный индустриалды институтында оқытушы, аға оқытушы болып атқарады. 1981-1984 жж. өндірістен қол үзіп, С.М.Киров атындағы ҚазМУ аспирантурасында білім алады. 1991-1992 жж. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында аға оқытушы қызметінде, 1992 жылдан 2002 жылға дейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, факультет деканы міндетін атқарушы, Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі ретінде қызмет етеді.

Рудный индустриалды институтында қызмет еткен кезеңінде 1980 жылы оқу және тәрбие жұмысында жеткен жетістіктері үшін Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім беру министрлігі коллегиясының мен жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағының Қазақ Республикалық комитеті Президиумының 1980 жылғы 7 тамыздағы № 14/3 шешімімен Құрмет Грамотасымен марапатталады.

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-да жұмыс істеген уақытында бірнеше рет университет ректорының мақтау қағаздарымен марапатталып, табысты қызмет еткені үшін алғысхаттар алады. Ал 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталады.

«ЮСАИД» гранты бойынша халықаралық үлгідегі сертификатқа ие болып, сабақ үрдісіне «RWCT» - оқу мен жазу арқылы сыни ой-өрісін дамытуды, жаңа білім беру технологиясын табысты енгізеді. Л.К. Мұқатаева өзінің ғылыми жетекшісі, көрнекті тарихшы ғалым, академик М.К. Козыбаевтың өміріне және қызметіне арналған «Манаштану» арнаулы курсы бойынша электронды оқулық әзірлейді.

Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінде Л.К. Мұқатаева 2008 жылдың қыркүйек айынан жұмыс істеп келе жатыр. Өз қызметін гуманитарлық және жаратылыстану кафедрасының доценті қызметінен бастап, Экономика, бизнес және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі директорының орынбасары ретінде жалғастырды. 2011 жылдың мамыр айынан оқытушылық қызметін қосымша жалғастыра отырып, Экономика, бизнес және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің проректор-директоры қызметінде 2012 жылдың тамыз айына дейінгі қызмет жолдарынан өтеді.

2012 жылдың маусымында ҚазГЗУ Ғылыми кеңесінің шешімімен профессор академиялық атағы берілді. 2012 жылдың қыркүйегінен қазіргі кезге дейін Лепуда Кәрімқызы Қазақстан тарихы және жалпы білім беру пәндері кафедрасының профессоры болып қызмет етеді.

Л.К. Мұқатаева Қазақстанның революцияға дейінгі кезеңдегі отарлау, қазақ-казак қарым-қатынастары, қазақ халқының ұлт-азаттық күрес мәселелері, бойынша ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. 70-тан аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде: шетел ғылыми журналдарында 3 мақаласы, біреуі «СКОПУС» тізіміне енгізілген, бір мақаласы импакт-факторы бар журналға кіргізілген, біреуі ҚР БҒМ ОӘК таңбасымен оқу құралы ретінде басылып шығарылған; ҚазГЗУ студенттері үшін әдістемелік ұсынымдар (бірлескен авторлықпен), 2 электронды оқулық әзірлеген, академик М.К. Қозыбаевтың қызметі мен шығармашылық мұрасына арналған «Манаштану» оқулығы және қазақ тілінде Қазақстан тарихы бойынша оқулық.

2013 жылы қарашада Сорбонна Университетінде (Париж қ.) Орта Азия бойынша Халықаралық ғылыми конференция жұмысына, «Халықаралық қатынастар тарихын оқыту әдістемесі» (Астана-Париж) семинар-тренингіне, Стамбул университетінде, Ататюрк атындағы университетінде (Эрзрум, Түркия) өткен конференцияларға,  Назарбаев университетінде «Жаһандану контекстіндегі Орталық Азия» семинар-тренингіне қатысқан, КОНКОРД-ФИДЖИП-ЕВРОТАЛАНТ (Париж қ.) Халықаралық академиясының сертификаттарына ие.

Л.К Мұқатаева Ақпараттандыру халықаралық академиясының, ҚазГЗУ Ғылыми кеңесінің мүшесі болып табылады.

Марапаттары: «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі  (2014, желтоқсан), «ҚАЗГЗУ-ге 20 жыл» ескерткіш медалі (2014, сәуір), «Академик Манаш Қозыбаев» ескерткіш медалі (2016, қараша).

Тұрмыста, екі баласы бар.