Жақсанов Оразалы Отынбайұлы
Жақсанов Оразалы Отынбайұлы 1956 жылы 5 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылында дүниеге келді. 1973 жылы Н.Крупская атындағы қазақ орта мектебін аяқтады. Содан кейін Қазығұрт ауданындағы жылжымалы-механикаландырылған колоннада қатардағы жұмысшы болып істеді.
Арада бір жыл өткеннен кейін Сарыағаш аудандық колхозаралық құрылыс ұйымында бетоншы ретінде жұмысын одан әрі жалғастырды. 1975-1977 жылдары әскер қатарында Украинада танк жүргізушісі болып, өзінің азаматтық борышын өтеді.
1977 жылы әскерден оралған соң, Алматыдағы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1982 жылы аяқтады. Сол жылы жас маман ретінде Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде қатардағы тілші болып еңбек жолын бастады. Мұнда 2000 жылға дейін түрлі бөлімдерде қызмет атқарды.
2000 жылы облыс орталығында шығатын «Қостанай» (қазіргі «Біздің Қостанай») газетіне қызметке шақырылды. 2005 жылдан бері - осы басылымда Бас редактордың орынбасары. Содан кейін редактор болды.
Республикаға танымал журналист, еліміздегі беделді «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Алтын Орда», «Ана тілі» газеттерінде меншікті тілші ретінде де аянбай қызмет етті. Қазір де Қазақстандағы оқырмандары көп «Айқын», «Ислам және өркениет», «Жас қазақ», «Мәдениет», «Жұлдыздар отбасы», «Отбасы және денсаулық» басылымдарының тұрақты авторы.
Осы уақытқа дейін қаламгердің 26 кітабы жарық көрді. Қазақстан және Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі. Қостанай облыстық әкімі мен меценаттар клубының «Қазына» және Бейімбет Майлин атындағы сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ол облыстың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры көркемдік кеңесінің, облыстық ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңес органының «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі.
Оразалы Отынбайұлы - өнегелі отбасының иесі. Үш ұлдың әкесі. Зайыбы Балтабаева Зора Қалиақбарқызы облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайының бас сақтаушы. Тұңғышы Нұржан - Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртісі. Ортаншы ұлы Рауан - мемлекеттік қызметте. Кенже баласы Дарын - Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 3-курс студенті.