Ержанов Абдулла Кәлиұлы 1958 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысы Шиелі ауданы, ақын Нартай ауылында (бұрынғы Коммунизм колхозы) қарапайым шаруа-колхозшының отбасында дүниеге келген.
1965 жылы осы ауылдағы №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектепке барып, оны 1975 жылы үздік бағамен бітіріп шыққан. Мектеп қабырғасында жүргенде өзін жан-жақты қырларынан өнегелі оқушы болып көрсетті. Жас кезінен спортқа, музыкаға жанықұмар, көбшіл, ұйымдастыру қабілеті мол азамат болып қалыптасты. 15-16 жасында колхоздың «Еңбек» футбол командасы құрамында қақпашы болып, 1974 жылы «Алтын масақ» республикалық турнирдің облыстық чемпионы болған. Мектепте эстрадалық ансамблдің жетекшісі болып ауылдарда өнер көрсеткен. Мектепті бітірген соң сол жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау» мамандығына оқуға түседі. Институт қабырғасында жүріп те өзінің әдетінен айырылған емес, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көркемөнерпаздар үйірмесінде, спорттық іс-шараларға белсене ат салысқан. Институттың қол добы құрама командасында, Жамбыл облысының құрама командасында қақпашы болып республикалық және студенттердің халықаралық біріншіліктерінде өнер көрсетіп жүлделі орындарға ие болған. Институтты бітірген соң 1979 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласындағы Қорғасын зауыты басқармасында бухгалтер болып еңбек жолын бастаған. 1981 жылы денсаулығына байланысты Жамбыл қаласына келіп гидромелиоративті-құрылыс институтына бухгалтер болып қызметке тұрады. Өз ісінің шебері, ұжымда абыройға бөленіп, қабатында ғылымға қызығушылығы ұлғайып, ізденісте болады. 1983 жылы Ресейдің Краснодар қаласындағы іргелі оқу орны Кубан ауылшаруашылық институтының аспирантурасына жолдама түсіп, өзінің сүйікті мамандығы бойынша аспирант болып қабылданады. 1986 жыл аралығында тапжылмай еңбек етіп, бірнеше ғылыми мақалалар жариялап, кандидаттық диссертациясын, ғылыми жетекшісі экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ресейге еңбек сіңірген ғылым қайраткері, экономисті Булат Алексей Степанұлының қолдауымен межелеген мерзімге диссертациясын дайындап, қорғауға ұсынған болатын. Оны 1988 жылы Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор В.К.Радостовец төрағалық ететін Алматы халықшаруашылығы институтының арнайы диссертациялық кеңесінде еңбегін қорғап экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болады. Бұл Нартай ауылындағы тұңғыш ғалым, ғылым кандидаты болатын. Саналы өмірінің барлығы содан бері осы ғылымға, жас ұрпақты кәсіби маман ретінде дайындауға, тәрбиелеуге арналған ұстаздық жолға арналып келеді. 1986 жылдан 1997 жылдар аралығында Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтында ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, институттың бас бухгалтері қызметтерін атқара жүріп, ғылыммен де айналысуды доғарған емес. 1997 жылы күзден бастап ол Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне өзінің сүйікті мамандығы бойынша мақсатты түрдегі докторантураның күндізгі бөліміне қабылданады. 1994 жылы аталмыш оқу орны Ұлыбритан корольдігіндегі Шотландық присяжн бухгалтерлер институтымен бірлесе отырып Қазақстандық бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесін халықаралық стандарттарға өткізу туралы ауқымды жобасы жүзеге асырыла бастаған болатын. Аймақтық өңірлерден азғана, қалғандары оңтүстік астаналық ғалым және тәжірибелі 30 шақты мамандардан жасақталған арнайы топ осы проблема төңірегінде оқу-жаттығу шараларына кірісіп те кетті. Бұл жоба 1999 жылға дейін жалғасып, нәтижесінде ТМД елдері ішінде алғашқылардың бірі болып елімізде халықаралық жүйедегі бухгалтерлік есеп, қаржылық есептіліктің стандарттары, аудиторлық қызмет сияқты жаңа кәсіптер өмірге енгізілді. Осы жобаларда тікелей атсалысып, оның ғылыми-тәжірибелік негіздерін, тұжырымдамаларын жасай отырып Абдулла Кәлиұлы өзінің ғылыми бағытына көптеген тың материалдар жинақтады, Шотландияға үш жыл қатарынан барып, тәжірибе алмасып, Жамбылдық әріптестерін де осы бағытқа баулып, өңірдегі проблемаларды шешуге тікелей мұрындық болды. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтына соңғы техникамен жабдықталған бір компьютерлік сынып, үш мың жеті жүз долларға экономикалық оқулықтар мен әдебиеттерді сол жобаның есебінен тарту етті, сегіз ұстаз Шотландияда екі мәрте өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. 2001 жылы докторантураны тамамдаған соң Тараз мемлекеттік университетіне қайта оралды(1997 жылдан бастап үш жағарғы оқу орны бірігіп кеткен болатын). 2002 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасына меңгерушілік қызметіне шақырылып, 2008 жылға дейін жұмыс атқарды. 2008-2010 жылдарда Алматы гуманитарлы-техникалық университетінің «Есеп және қаржы» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2010 жылы арнайы байқау нәтижесі бойынша Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Бағалау, есеп және аудит» кафедрасына меңгеруші болып тағайындалады. 2010 жылы желтоқсанның 1-ші жұлдызында Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің арнайы докторлық диссертациялық кеңесінде 08.00.12 – Бухгалтерлік есеп, аудит, статистика мамандығы бойынша «Ұзақ мерзімді материалдық активтердің есебі: теориясы, методологиясы, ұйымдастыруы» тақырыбында докторлық диссертациясын өте сәтті қорғап шықты. Құрамында 21 ғылым докторларынан жасақталған ғылыми кеңес Абдулла Кәлиұлының ғылыми жұмысына өте жоғары баға беріп оның экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне әбден лайық екендігін бірауыздан мақұлдаған болатын.
Ол жүзден аса ғылыми еңбектер мен оқу құралдарының авторы.
Отбасылық жағдайы – жұбайы Зейдалиева Жанна – жоғары санаттағы педагог, Алматы аграрлық колледжі директорының орынбасары, жоғары санаттағы ғылыми қызметкер. Қызы Толғанай, полиция капитаны, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі, заң ғылымының магистрі; Ұлы Әліби – инженер-механик, заң ғылымының магистрі, Жамбыл облыстық кеден басқармасының қызметкері.
Қосымша мәліметтер: Сайлауалды ісшараларда белсенді атсалысып, жұмыс атқарғаны үшін Елбасы Нурсултан Әбішұлы Назарбаевтың алғыс хатына ие болған; Шотландия, Испания, Англия т.б. шалғай және іргелес шет мемлекеттерде кәсіби біліктілігін шыңдаған. «НұрОтан» ХДП - ның мүшесі.