Жолшыбектің өмір жолы өз заманының жазылмаған ережесі: - ауылда туылып қатарынан оза, орта білім алып, қанаты қатая бере ғылым-білім саласына құлшына бет бұрған қазақ ауылдарының өжет-қайсар өрендерімен тағдырлас.
Олар туған елде алғаш әліппе ашып, қазақы тәрбиеге қанығып, ағайын-туғанның қадірін біліп – сыйласа жүріп қанаттары қатайды. Үлкен білім-ғылым ордаларына қарай алыс беймәлім мекендерге шашырай тарап кетті. Қайда жүрсе де туған елден, бауырдан қол үзбеді, солардың бірі Жолшыбек!
Ол 1941 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Абай ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң Алматыға келіп, медицина институтының стоматология факультетіне түседі. 1967 жылы оқуды үздік бітіріп, алғашында Жамбыл облысы кәсіпкерлер одағында дәрігер, ал кейін 1968-69 жылдары еңбек жолы Алматыдағы Республикалық стоматология емханасында жалғасады. 1969 жылы Ленинградтағы (қазірде Санкт-Петербург) И.П. Павлов атындағы І медицина институтының стоматология факультетінің аспирантурасына түсті. Оны сәтті аяқтаған Жолшыбек 1973 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Елге оралып 1972-1977 жылдары аралығында Қарағанды қаласының облыстық ауруханасындағы жақ-бет хирургиясы бөлімін басқарды. Сөйтіп, 1977 жылы конкурста жеңіп шығып Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургиялық стоматология кафедрасына қызметке орналасты. Кейінрек сол кафедраның доценті қызметін атқара жүріп, 2009 жылы ғылымға еңгізген жаңалықтарымен докторлық диссертациясын қорғап медицина ғылымдарының докторы, профессор атағын алды. Жарық көрген ғылыми еңбектерінің саны 140-тан асып, оның бесеуі шет елдерде жарияланды. 27.02.2018ж Инкарбековке Ж.Б Халықаралық ақпараттық академиясының (ХАА) ғылыми құрметті академик атагы берілді.
Қазіргі күнде өз ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Жолшыбек аға жас буын дәрігерлерді тәрбиелеп жетілдірумен қажымай-талмай айналысып келеді. Сондықтан ол дәрігерлер қауымы арасында беделді, сыйлы.
Сүйікті қосағымен өткізген 45 жылдық ғұмыры өте қызықты: ұл жән екі қыз тәрбиелеп, енді немерелерін сүйіп, тату-тәтті тұрмыс кешуде. Туып-өскен, балалық шақты бірге өткізген ағайындарымен жиі араласып, елдің тіршілігінен де қол үзбеген.