Жандәулетова Райхан Болатқызы 1970 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
1988–1993 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтында білім алып, «Биология және химия пәндерінің мұғалімі» мамандығын тәмамдады.
1994–2004 жылдары Қызылорда қаласындағы №217 Б. Шалғынбаев атындағы орта мектепте биология және химия пәндерінің мұғалімі болып еңбек етті. Осы кезеңде оқушылармен бірге биология саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың қалалық және облыстық ғылыми-практикалық конференцияларда жүлделі орындарға ие болуына жетекшілік етті.
1998 жылы Қызылорда қаласы мұғалімдері арасында өткен «Жылдың үздік биологы» және «Жыл мұғалімі» байқауларына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші санатты мұғалім. 1999 жылы Қызылорда қаласы әкімінің Алғыс хатымен, 1999 және 2000 жылдары Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ғылымға деген қызығушылығының нәтижесінде 2000–2003 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Биология, география және экология» кафедрасының ізденушісі болды. 2003 жылы Алматы қаласындағы ҚР БҒМ Адам және жануарлар физиологиясы институтында 03.00.13 – «Физиология» мамандығы бойынша «Арал өңіріндегі әйелдердің қан құрамындағы эритроциттердің протеолитикалық белсенділігі және тыныс алу жаттығуларының әсерінен болатын өзгерістері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2004 жылғы 5 наурызда ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестаттау комитетінің шешімімен биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
2004 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Биология, география және химия» білім беру бағдарламасы кафедрасында оқытушы қызметін атқарып келеді. 2009 жылдан – академиялық доцент, ал 2025 жылдан бастап қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы.
Оқытатын пәндері: магистранттарға – «Жас ерекшелік психофизиологиясы және педагогика», «Жоғары оқу орнында биологияны оқыту әдістемесі»; бакалаврларға – «Адам анатомиясы», «Мектеп оқушыларының жас ерекшелік физиологиясы», «Биохимия».
Дәріс және практикалық сабақтарда заманауи интерактивті оқыту әдістерін тиімді қолданады. Магистранттардың білім деңгейін, кәсіби дағдыларын, сыни ойлау қабілетін және педагогикалық қызметке қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте биологияны оқыту әдістемесі, «қиын балалармен» жұмыс, оқушылардың экологиялық құзыреттілігін қалыптастыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер мен пікірталастар ұйымдастырады. Магистранттардың ғылыми-әдістемелік жұмыстары студенттік ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, ғылыми журналдарда жарияланып келеді («Biological Sciences» журналы, 2023–2025 жж.; №23 республикалық ғылыми-ақпараттық, танымдық-педагогикалық журнал, 2023 ж.).
Райхан Болатқызы үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырып отырады. 2016 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық бизнес академиясында «Практикалық психология» бағдарламасы бойынша кәсіби қайта даярлаудан өтіп, психологиялық кеңес беру және коучинг саласында кәсіби қызметпен айналысуға құқық беретін диплом алды. Алған білімін ғылыми-педагогикалық және тәрбие жұмыстарында тиімді пайдаланады.
3–4 курс студенттерінің педагогикалық практикасы алдында «Өзіңе қалай сенімді болуға болады?», «Балалардың жас ерекшелік дағдарыстары», «Балаларға деген сүйіспеншілік – педагогикалық шеберліктің негізі» тақырыптарында семинарлар мен тренингтер өткізеді.
Сонымен қатар Қызылорда облысы мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етеді. Осы еңбегі үшін:
- ҚР бойынша білім беру ұйымдарының қатысушылары арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиада жеңімпаздарын даярлағаны үшін Алғыс хаттармен (2016, 2017 жж.);
- Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен «INTEL International Science and Engineering Fair» халықаралық ғылыми жобалар байқауының мектепішілік кезеңінде қазылар алқасының мүшесі ретінде кәсіби біліктілік танытқаны үшін Алғыс хатпен (2016 ж.);
- «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ғылыми жобалар байқауының мектепішілік кезеңінде әділқазылық қызметі үшін Алғыс хатпен (2017 ж.);
- Қызылорда облыстық білім басқармасының Алғысымен (2021, 2022 жж.);
- «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы директорының Алғыс хатымен (2022 ж.) марапатталған.
2018–2020 жылдары ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында Қорқыт Ата атындағы университетте жүзеге асырылған «Полимерлі наноматериал негізінде мультиферментті биосенсорларды әзірлеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобасының шығармашылық тобының мүшесі болды. Аталған жоба бойынша патент алынған.
2025 жылдан бастап «Хорасан-1» кен орнын пайдалану аймағындағы биоалуантүрлілікті зерттеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысының аға ғылыми қызметкері. Жоба Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Turanium» ЖШС арасында 2025 жылғы 15 қазанда жасалған №1151329/2025/1 шарт негізінде жүзеге асырылуда.
2019–2020 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы 8В01517 – «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңестің техникалық хатшысы қызметін атқарды.
2023 жылдың басынан бастап Т. Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығының аға ғылыми қызметкері. Ғылыми қызметінің негізгі бағыттарының бірі – білім алушылар арасында химия-биология білімінің сапасын арттыру жолдарын зерттеу.
Райхан Болатқызы университет көлемінде ұйымдастырылатын қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Осы еңбегі үшін 2020 және 2022 жылдары университет ректорының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ғалым ретінде республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға тұрақты қатысады. 70-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы. Оның ішінде 1 ғылыми-әдістемелік құрал, 2 оқу құралы және 5 оқу-әдістемелік құрал жарық көрген.
Үш патенттің авторы:
- №4134 – «Тыныс алу жаттығуларына арналған құрылғы» (пайдалы модель);
- №4173 – «Инкапсулаланған және иммобилизацияланған ферменттердің каталитикалық белсенділігін арттыру тәсілі»;
- №11620 – пайдалы модельге берілген патент.
2023 жылдан бастап Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Академияның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ХАА-ның Алтын мерейтойлық медалімен марапатталған.
2024 жылы білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Қорқыт Ата» алтын медалімен наградталды.
Отбасылы, төрт баланың анасы.