02 февраля 2026

Қаржы нарығындағы реттеушілерді цифрлық трансформациялау стратегиясын іске асыру туралы

2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылға жоспар. [profit.kz]

Қазақстан Республикасындағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Ұлттық Банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп 2025 жылға арналған Қаржы нарығындағы реттеушілерді цифрлық трансформациялау стратегиясын (Annual Business Review нысанында) іске асыру жұмыстарын қорытындылап, 2026 жылға арналған қаржы нарығын цифрландырудағы негізгі басымдықтарды белгіледі.

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Қаржы министрлігінің өкілдері мен қаржы және экономика саласындағы тәуелсіз сарапшылар қатысты.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қаржы нарығындағы реттеушілерді цифрлық трансформациялау стратегиясы толықтай іске асырылды.

Қаржы секторын цифрландырудың инфрақұрылымдық негізі ретінде Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру жұмыстары аяқталды. 2025 жылы Ұлттық төлем жүйелері, биометриялық сәйкестендіру сервисі және Ұлттық антифрод-орталық пен цифрлық теңге платформасы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттері және банктермен арадағы өзара іс-қимыл тетіктері мен құқықтық негізі заңмен бекітілген.

2025 жылы Ұлттық төлем жүйелері 1,5 квадриллион теңгеден аса қаражатты өңдеді. Бұл — елдегі қолма-қол ақшасыз айналымның шамамен 90%-ы. Банкаралық QR-төлемдер мен аударымдарды жүргізу үшін мобильді төлемдер жүйесі іске қосылды: жүйеге екінші деңгейлі 10 банк қосылды, қалған банктер 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін қосылады.

Биометриялық сәйкестендіру сервисі қаржылық қызметтерді қауіпсіз алуды қамтамасыз ете отырып, 50 миллионнан астам сұрауды өңдеді. Ұлттық антифрод-орталық 100 мыңнан астам алаяқтық оқиғаны тіркеп, 3 млрд теңгедей қаражат бұғатталды.

Мемлекет қаражатының жұмсалу барысын ашық ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен цифрлық теңге кеңінен қолданыла бастады. Мемлекеттік сатып алу, субсидия және Ұлттық қордан қаржыландыру салаларындағы 100-ден астам жоба қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылаушы тетікке көшірілді. Цифрлық теңге эмиссиясының көлемі 330 млрд теңгеден асты. 2026 жылғы сәуірде цифрлық теңге базасында мақсатты пайдалануды бақылау үшін мемлекеттік шығысты кезең-кезеңімен аударудың Кешенді жоспары бекітіледі.

Банктер туралы жаңа заң бойынша жұмыс аясында цифрлық активтердің айналымы үшін кешенді құқықтық база қалыптастырылды. Криптовалюталар үшін реттелетін контур құрылды, стейблкоин шығару және активтерді токендеу үшін нақты құқықтық негіздер салынды, KASE мен Бағалы қағаздар орталық депозитарийі базасында қажетті технологиялық инфрақұрылым жүргізілді.

Ұлттық Банктің реттеушілік сынақ алаңында 22 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде стейблкоиндер мен нақты активтерді токендеу, криптофиаттық есептеулер, крипто айырбастаушылар, криптобиржа және цифрлық активтерді шығару платформалары бар. Цифрлық активтер саласындағы нормативтік құқықтық актілер күшіне енгеннен кейін 2026 жылғы екінші тоқсанда оларды ауқымдау, жалпыға бірдей белгіленген жұмыс режиміне көшіру басталады.

Ұлттық Банктің өзінің технологиялық ландшафты айтарлықтай жаңғыртылды, меншікті деректер өңдеу орталықтарын құруға дейін транзиттік кезеңге сервистерді резервтеу қамтамасыз етілді, сондай-ақ интеграциялық контур жаңартылып, бірқатар операциялық процестер автоматтандырылды. Аналитиканы дайындауды 80%-ға дейін жеделдеткен Деректер фабрикасы пайдалануға берілді және ЖИ агенттерін (ЖИ негізінде технологиялық шешімдерді) енгізу үшін меншікті GPU-кластері іске қосылды.

2026 жылы Деректер фабрикасымен және құрылымдалмаған деректер массивімен (RAG-тәсілдер негізінде) интеграцияланған АISANA ЖИ агентінің платформасын дамыту Ұлттық Банктің жеке мақсатына айналады. Бұл платформада Ұлттық Банктің ішкі процестерінде қолдану үшін ЖИ агенттері әзірленеді.

Annual Business Review-де Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жобаларына да назар аударылды, атап айтқанда, Агенттік іске асырған suptech-шешімдерді біріктіретін FinAI бірыңғай қадағалау платформасы ұсынылды. FinAI платформасы қаржы ұйымын лицензиялаудан оны таратуға дейінгі бүкіл қадағалау циклін қамтиды және қаржы нарығындағы барлық секторлардың жүйесін біріктіреді. Бүгінгі күні FinAI «қадағалаудың цифрлық жадысын» қалыптастырып, тәуекелдерді толығымен және салыстырмалы түрде түсінуді қамтамасыз ете отырып, 20-дан астам қадағалау құралдары мен 10-нан астам ЖИ-сервистерді қамтиды. Агенттіктің цифрлық бастамалары — азаматтардың жолданымдарын өңдеуге арналған «Жолданымдар фабрикасы» жүйесі, сондай-ақ қаржы нарығының киберқауіпке ұжымдық иммунитетін қалыптастыруға бағытталған QAINAR жүйесі қосымша көрсетілді.

Аталған бағыттар, сондай-ақ қаржы нарығын цифрландыру жөніндегі практикалық жобалар Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясында бекітілетін болады.