Среда, 22 Сентябрь 2021 09:40

«Қазақтелекомның» IMEDICUS медициналық платформасы жыл соңына дейін дәрігерлер штатын 10% -ға арттырады

«Қазақтелеком» ресейлік және қазақстандық серіктестермен бірлесіп, 2020 жылдың жазында іске қосқан IMedicus телемедицина жобасы қазақстандық нарықта 50 мыңға жуық тіркелушілерді тартты. Қазіргі таңда жоба авторлары осы платформада қызмет көрсететін дәрігерлердің қатарын көбейтуге ниетті. Бұл Қазақстандық тұтынушылар үшін қалтасындағы смартфондарынан еш кезекке тұрмай тәуліктің кез-келген уақытында дәрігерлерге хабарласып, кеңес алуына мүмкіндік береді. [telecom.kz]

«Қазақтелеком» IMedicus жобасын телемедицина саласындағы ресейлік компания «Мобильные Медицинские технологии» ЖШҚ-нің эксклюзивті өкілімен бірлесе жасап, елде жарияланған төтенше жағдайдан кейін бірден жарыққа шығарды. Бұл қызмет түрінің пайда болуын өмірдің өзі талап етті деуге болады, себебі COVID-19 сырқатының өршуіне байланысты емханалар мен ауруханаларға жүгінгендер қарасы көбейіп жүктеме шектен тыс артты, салдарынан медициналық мекемеге басқа да сырқаты бойынша дәрігерлік кеңес алу мүмкіндігі шектелді.

Мұндай қиындық ауылдық жерлерде карантиндік шектеулер енгізілгенге дейін де болған, сондықтан өткен жазда «Қазақтелеком» мамандарының негізгі міндеттерінің бірі пациент пен дәрігерді қашықтықтан байланысуға мүмкіндік беретін платформа құру болды. Осылайша 2020 жылдың маусымында қазақстандық нарықта IMEDICUS платформасы пайда болды, оған смартфон арқылы кез-келген қазақстандық, тұрғылықты жеріне қарамастан, 365 күн, тәуілігіне 24 сағат шектеусіз кезекші терапевтпен онлайн-кеңестерге қол жеткізе алады.

«Дәрігерден білікті кеңес алу мүмкіндігі күндізгі белгіленген уақытта ғана емес, науқасқа ыңғайлы кез-келген мерзімде жүзеге асқаны қашанда маңызды. Бірақ қазір бұл мүмкіндік бұрынғыдан да өзекті бола бастады. Пандемия көрсетіп бергендей, жоғары сапалы және уақтылы медициналық көмек алу өмір мен өлім арасындағы аса өзекті мәселеге айналды. Сондықтан біздің компания бұл жобаға ерекше назар аударды және серіктестермен жемісті жұмысының арқасында жүзеге асырды», - дейді «Қазақтелеком» АҚ бөлшек сауда Дивизионының сату жөніндегі басқарушы директоры Ринат Жексенов.

Шұғыл науқастарды тәулік бойы виртуалды қабылдауды қамтамасыз ететін кезекші терапевтерден басқа, платформада 64 медициналық мамандық бойынша 370-тен астам салалық мамандар қызмет көрсетеді. Платформа іске қосылғаннан бері 50 мыңға жуық қазақстандық онлайн қызметтің игілігін көрді,олар Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші емханаларының білікті дәрігерлерінің консультацияларына жүгінуге мүмкін болды. Бұл дәрігерлердің олардың саладағы орташа жұмыс тәжірибесі 17 жыл, және олардың орташа рейтингіне келер болсақ, Ресейдегі осыған ұқсас платформаның 3 миллионнан астам қолданушылары көрсеткендей (ол төрт жылдан астам жұмыс істейді) - 5,9 -дан 4,9 балл және пайдаланушылардың 98% қызмет сапасы мен мүмкіндіктеріне толық қанағаттанған.

Қазіргі уақытта IMedicus қазақстандық жобасы Қазақстан Республикасының жетекші қазақ және орыс тілді дәрігерлерінің онлайн-консультацияларын енгізуде: 3 қазақстандық клиника бүгінде жобаға қосылған, оның ішінде 20 медицина маманы платформа абоненттерімен жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін қазақстандық жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен салалық мамандардың санын тағы 30 адамға көбейту жоспарлануда, бұл кеңінен таралған қазақ тіліндегі консультациялар санын кеңейту тұрғысынан маңызды, ауылдық жерлерде жоғары сұранысқа ие.

Сондай-ақ, Imedicus-тің Invitro зертханасымен келісімі бар, осының арқасында оның клиенттері жеңілдікпен тест тапсыра алады, сонымен қатар абоненттерге дәрі-дәрмектерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін бірнеше ірі дәріханалық желілермен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде. Яғни платформа бүгінде түгелдей медициналық процесті біріктірген кешенді қызмет көрсету орталығына айналды: мұнда дәрігермен кеңесуден бастап, зертханаларға тексеруге жіберу, дәрігердің рецептісін алу және қажетті дәрі-дәрмектерге тапсырыс беруге дейін медициналық қызмет көрсетудің толық цикліне айналды. Бұл қадамдардың барлығын үйден шықпай-ақ, смартфонға IMedicus қосымшасын жүктеу арқылы жасауға болады.

«Қызметті қолдану өте оңай: қосымшаны жүктеп алу немесе веб -сайтқа кіріп, консультацияны бастау жеткілікті», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Аркадий Шевцов. - Дәрігер бірнеше минут ішінде сөйлесу, аудио немесе бейнеқоңырау түрінде хабарласады. Консультацияның орташа ұзақтығы шамамен 30 минутты құрайды, ал өтініш берушінің жеке кабинетінде виртуалды медициналық карта жасалады, дәрігермен сөйлесу кезінде науқас дәрігердің тағайындауын, зерттеу нәтижелерін, зертханалық зерттеулерді және басқа қажетті құжаттарды немесе суреттерді жүктей алады. Осылайша, абоненттер сараптамалар бойынша түсініктеме алып, қойылған диагноз бойынша «екінші пікірді» сұрай алады, дәрігерден дәрі -дәрмектер бойынша жазбаша ұсыныстар алады және емдеу жоспарын түзете алады. Ең бастысы, бұл платформа жүріп-тұруы қиын адамдардың, мысалы, зейнеткерлік жастағы қариялардың мәселелерін толық шешеді - оларға ешқайда барудың қажеті жоқ, бар болғаны телефон мен интернет болса, дәрігермен байланысу қажет»,- дейді ол.

Бұл ретте IMedicus қызметтері халықтың барлық топтары үшін қолжетімді баға диапазонында: қызметті пайдалану үшін тұтынушы өзіне және отбасына қолайлы тарифті таңдауы керек, оның бағасы айына 2500 теңгеден басталады. Бұл тарифке «Қазақтелеком» абоненті кезекші білікті терапевтердің шектеусіз жедел онлайн консультацияларына қол жеткізе алады, дәл осындай қызметті ақылы клиникада әр консультация үшін орташа есеппен 6900 теңге төлеуді қажет етеді.

Әрине, мемлекеттік емханаларда тегін балама бар, бірақ бұл жерде дәрігер науқасқа бейімделмейді, керісінше науқас дәрігердің ыңғайына қарай ойысады, осы ретте науқас уақыттан көбіне ұтылып жатады. Сонымен қатар, емханаларда адамдар көп жиналатын жерлерге бару қазіргі уақытта қауіпті, ал карантиндік режимде «салалық» мамандардың қызметтері тіпті қолжетімсіз. Осы ретте онлайн дәрігердің қажеттілігі айқын көрінеді.

Сонымен қатар, IMedicus платформасы өз пайдаланушыларына жеке деректерін де, заңды құқықтарын да сенімді қорғауды қамтамасыз етеді: барлық қолданушылардың деректері құпия болып табылады, чаттар, бейне және аудио қоңыраулар шифрланған және үшінші тарапқа берілмейді. Онлайн қызмет дәрігерлермен тікелей емес, медициналық мекемелермен жұмыс істейді және онлайн-консультация бойынша берілген дәрігердің рецепті жеке қабылдаудағыдай заңды жауапкершілікке ие болады.

Барлық заңды тәуекелдерді лицензия негізінде жұмыс істейтін серіктес медициналық мекемелер көтереді, консультациялардың нақты уақыт режимінде жазылуы тараптардың мүдделерін қорғауға және азаматтық жауапкершілікке байланысты медициналық тәуекелдерді төмендетуге көмектеседі. Бұл аудио және бейне жазбалар үш жыл бойы сақталады, сондықтан IMedicus пациенттерінің сотта құқықтарын қалпына келтіруге барлық мүмкіндіктері бар, бірақ қазіргі уақытта мұндай өтініштер жоқ.

Енді «Қазақтелекомның» телемедицина саласындағы бұл өнімі корпоративтік клиенттер нарығына енуде: жұмыс берушілер қызметкерлердің қызығушылығын арттыра отырып, оларға көрсетілетін әлеуметтік пакет көлемін кеңейте алады. Платформа тұтынушыға жұмыс орнында, іссапарда немесе тіпті демалыста медициналық кеңестер алуға мүмкіндік беретіндіктен: IMEDICUS - абонент шетелге шықса да, дәрігермен дереу байланыстыра алатын «қалтадағы дәрігер».

Ең бастысы, платформа қала мен ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін теңестірудің ең маңызды әлеуметтік міндетін шешеді, өйткені ол тек бір фельдшері бар шалғайдағы ауылдық елді мекендерде де жоғары сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

«Бұл платформаға «Қазақтелеком» толық сервистік қолдау көрсетеді, осы қызмет түрінің техникалық мүмкіндіктері туралы ауыз толтырып айтуға болады. Осы платформада күніне 100 мың консультация жүргізуге болады, күніне кемінде 1 миллион сұранысты өңдей алады, сонымен қатар. жүйеде кемінде 20 мың дәрігер жұмыс істейді», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек сауда Дивизионының сауда жөніндегі басқарушы директоры Ринат Жексенов.- Біздің ойымызша, бұл өнімді пайдаланушылардың саны жеке тұлғалар есебінен де, корпоративтік сектор есебінен де үнемі өсіп отырады, өйткені ол біздің компания нарыққа шығарған басқа да онлайн құралдары сияқты клиентке нақты мүмкіндіктер нақтырақ айтқанда, уақытты үнемдеуге және мәселелерін тез шешуге жағдай жасайды. Бұл платформа біздің емханалар мен басқа да медициналық мекемелерге жүктемені азайтуға көмектесетіні маңызды, себебі Қазақстан мен Ресей дәрігерлерінің айтуынша, олардың алғашқы консультацияларының 70% -ға жуығы науқасты тыңдап, оны талдауға жібереді, және мұны қашықтан жасауға болады. Сондықтан қазір біз елдің Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, бұл жобаны кеңейту бойынша жұмыс жасап жатырмыз, себебі министрліктің өзі осындай құралдың пайда болуына мүдделі», дейді Р.Жексенов.

«Қазақтелеком» АҚ
Коммуникация департаменті