Среда, 22 Сентябрь 2021 09:28

Бағдат Мусин: «Қазақстан дербес телефон кодына көшеді»

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дербес ұлттық халықаралық телефон кодына қол жеткізді. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздер нәтижесінде Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) Электр байланысын стандарттау бюросы Қазақстанға +7 телефон кодының орнына жеке-дара + 997 кодын белгіледі. [www.gov.kz]

Қазіргі таңда операторлармен бірге ҚР байланыс желілерінде жаңа халықаралық кодқа өту жоспары жасалды.

«Қазақстан өзінің ұлттық телефон кодына көшеді. ЦДИАӨМ Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Халықаралық электр байланыс одағында +997 кодын резервке қойды. Қазақстан осы кезге дейін +7 кодын Ресеймен бірге тең дәрежеде қолданып келсе, енді біздің елден сыртқа қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деп шығады. Толықтай дербес телефон кодына өту арқылы біз цифрландыру саласындағы өзгерістерге орай нөмірлеудің ұлттық ресурсын өзіміз үлестіріп, сондай-ақ абоненттер мен қызметтер бойынша ұлттық жүйені кеңейту мүмкіндігіне ие боламыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

ХЭБО регламентіне сәйкес, Ресей Федерациясының байланыс әкімшілігімен Қазақстанның +7 нөмірлеу аймағынан шығу мәселесі пысықталады. Осы процедура мәресіне жеткен соң біздің ел  +997 кодын қолданысқа енгізе бастайды.

ЦДИАӨМ жоспары бойынша Қазақстан жаңа ұлттық кодқа 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауысады. Десек те, қолданушыларға ыңғайлы болу үшін жаңа және ескі код екі жыл бойы бірдей қолданыста болады. Жаңа телефон кодына толығымен 2025 жылы көшу көзделіп отыр.

Айта кету керек, КСРО құлағаннан кейін +7 коды екі елге – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясына ортақ код ретінде бекітілген болатын.