<< Назад
Wednesday, 06 October 2021 10:28

Facebook неге істен шыққаны белгілі болды

Инженерлер Facebook әлеуметтік желісі істен шығуына маршрутизаторлар баптауындағы қате өзгерістер себеп болғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап. [kaz.tengrinews.kz]

"Біздің инженерлер мәліметтерді өңдеу орталығы аралығындағы желі трафигінің координациясын бақылайтын магистралдық маршрутизаторлардың баптау өзгерістері проблемаға ұшыратқанын және байланысты үзгенін анықтады. Желі трафигіндегі бұл ақау біздің деректерді өңдеу орталығының байланыс жолына сатылы әсер етіп, бұдан біздің қызметтер жұмыс істемей қалды", - делінген Facebook инженерлерінің сайтында.

Facebook қызметкерлері Facebook, Instagram және WhatsApp желілеріндегі ақауға байланысты пікір білдіре отырып, ақау кезінде қолданушылардың дерегін жария етуге жол берілмегеніне сендірді.

 

Бұған дейін Privacy Affairs интернет-басылымы әлеуметтік желілердегі ақау туралы хабарламалар фонында Facebook-тің 1,5 миллиард қолданушысының деректері "қара нарықта сатылымға қойылды" деп хабарлаған еді. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, мұнда әңгіме әлеуметтік желі қолданушыларының есімдері, физикалық және электрондық мекенжайлары мен телефон нөмірлері туралы болып отыр.

"Бізде ақау кезінде қолданушылардың деректеріне қауіп төнгені туралы ешқандай дәлел жоқ", - делінген Facebook сайтында.

Бұған дейін компания басшысы Марк Цукерберг ақау үшін кешірім сұрап, Facebook, Instagram, WhatsApp және Messenger қайтадан жұмыс істей бастағанын хабарлаған еді.