Friday, 17 September 2021 10:49

Apple iPhone камерасы неге нашарлайтынын түсіндірді

Apple корпорациясы iPhone камераларына зиян тигізуі мүмкін елеусіз факторларды атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Apple сайтына сілтеме жасап. [kaz.tengrinews.kz]

Компания мәліметінше, смартфон камералары жоғары амплитудалы тербеліске байланысты зақымданады. Мысалы, мотоцикл қозғалтқышы. Тербелістердің ұзақ уақыт әсер етуі кескіннің оптикалық тұрақтандыру жүйесін және IT-гигант құрылғылары камерасына орнатылған автофокусты бұзуы мүмкін. Сондықтан, Apple iPhone-ды мотоцикл немесе қуатты қозғалтқышы бар көліктерге бекітпеуді ұсынады.

Тіпті қуаты аз қозғалтқыштар немесе электромобиль қозғалтқыштарының амплитудасы тербеліс тудыратыны айтылған. Сондықтан, компания құрылғының зақымдану қаупін азайту үшін реттелетін қондырғы қолдануды ұсынады.

"iPhone-ның оптикалық тұрақтандыру мен автофокус жүйелері өте ұзақ уақытқа арналған. Алайда мұндай жүйелері бар көптеген электрон құрылғы сияқты, белгілі бір жиілік диапазонының ұзақ уақыт әсер етуі осы жүйелердің өнімділігін төмендетуі мүмкін. Суреттер мен видео сапасы төмендеуі мүмкін", - делінген Apple сайтында.

Компания мотоцикл жүргізушілеріне гаджетті көлікке бекітпеуге, ал мопед пен скутер иелеріне камераның зақымдану мүмкіндігін азайту үшін бекіткішті қолдануға кеңес берді. Ұсыныс iPhone 6 Plus пен 6s Plus-ке, сонымен қатар iPhone 7 және одан кейін шыққан смартфондарға қатысты.

Бұған дейін IT-журналист Майк Херли iPhone 13 пен Apple-дің басқа да жаңа өнімдерінің тұсаукесері қашан болатынын жариялаған еді.