Сүттіген өсімдігінің 15 түрін табаны күректей 15 жыл зерттеп, соның бәрінің де биологиялық белсенділігін анықтады. Оның атын шығарған ірі жетістігінің бірі – қатерлі ісікке қарсы қолданылатын «Сүттіген» дәрісі.
Сұлукен Биғалиқызы тұңғыш рет отандық өнертапқыштарды ынталандыру үшін жарияланған «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» байқауының жеңімпазы болған. Ол кезінде қазіргі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Биоорганикалық химия ғылыми-зерттеу институтының директоры болып жемісті еңбек етті. Оны осы биікке көтерген жұрт назарындағы жетістіктері мен көз майын тауысып жазған 250-ден астам ғылыми еңбегі еді.
Химия ғылымдарының докторы, профессор С.Рахмадиева табиғи және физиологиялық белсенді заттар химиясы, биоорганикалық химия, фармацевтикалық өндірістің технологиясы мен ұйымдастыру саласында табанды еңбегімен көзге түсті. Елдегі өсімдіктердің ішінен биологиялық белсенді қосылыстардың жаңа көздерін іздеп, олардың негізінде медицина мен ауыл шаруашылығына арналған препараттар әзірледі. Сол арқылы жаңа қор сақтағыш технологияларын әзірлеу әрі енгізу, жаңа заттар мен өсімдік текті дәрілердің биоскринингін жүргізіп, өндіріске енгізу мақсатында жаңа отандық фитопрепараттар мен олардың дәрілік формаларын дайындады.
Сұлукен Биғалиқызын жұртшылық еліміздегі тұңғыш өнертапқыш әйел ретінде жақсы біледі. Оның әр зерттеу бағыты отандық ғылымның көкжиегін кеңейту, ұлт ғылымына үлес қосу дейтін өзгеше мақсаттармен ұштасып жататыны шындық еді. Ғалым бір сұхбатында «Қазақстанда ғылымды дамыту ісі оның импортқа, өзге елдер технологиясына тәуелділігін азайтуға ықпал ету керек. Сол себепті еліміздің ішкі өндіріс қуаттарын, шикізат ресурстарын және ғылыми-техникалық әлеуетті тиімді пайдалана білгеніміз жөн», деген екен. Бұл пікірді оның ғылымға деген адал көзқарасы деп ұққан дұрыс.
Отыздан астам патенттің авторы атанған Сұлукен Биғалиқызы жаңа өнімдерді халықаралық деңгейде патенттеуге жыл сайын көп қаржы жұмсалатынын ашық айта жүріп, отандық дәрі өндірісінің олқы тұсын бүтіндеуге тырысты. «Бір ғана «Сүттігенді» жасап, енгізу үшін 15 жыл уақытымды сарп еттім» деуі шынымен де үлкен жанкештілік.
Қазақ ғылымының көкжиегін кеңейту үшін өзіңде бар ынта мен жігерді, мүмкіндікті пайдаланып, жас ұрпаққа ғылым жолында аянбай еңбек етуге үлгі көрсеткен Сұлукен Биғалиқызының еңбегі ешқашан өшпек емес.